Қазақстандық теннисші Сидней турнирінің ақтық сынына шықты

14 қаңтар, 18:31
460

Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Сидней WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аяома – Ена Шибахарамен шеберлік байқасты.

 

Бірінші партияда жетінші геймде Анна мен Беатрис брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды – 6:4. Екінші сетте тай-брейкте жапониялықтар әбжілдік танытты – 7:6 (7:2). Супер тай-брейкте қазақстандық-бразилиялық жұп 5:2 есебімен алда тұрғанымен, қарсыластарының таразы басын теңестіруіне жол берді. Дегенмен сосын екі мини-брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 10:6.

 

Анна мен Беатрис финалда германиялық Вивиан Хайзен – мажарстандық Панна Удвардимен бас жүлдені сарапқа салады.