Лукашенко АҚШ-ты өзіне қастандық ұйымдастырды деп айыптады

19 сәуір, 20:39
473

Беларусь президенті Александр Лукашенко АҚШ-тың "қастандық ұйымдастырып", өзін өлтірмек болғанын мәлімдеді. Өткен аптада Ресей арнайы қызметі "қастандыққа қатысы бар" делінген екі беларус азаматының ұсталғанын хабарлаған.

 

17 сәуір күнгі мәлімдемесінде Лукашенко өзінің айтқанын растайтын ешқандай айғақ келтірмеген. АҚШ ресми тұлғалары айыптауларға қатысты реакция білдірген жоқ. Ал Беларусьтің оппозиция белсендісі Лукашенко мәлімдемесін жоққа шығарды.

 

Беларусь мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жетекшісі "қастандықты" былтыр Zoom-да өткен онлайн отырыспен байланыстырған. Онда беларусь сарапшылары елдегі саяси ахуалды талқылаған. Елді 30 жылға жуық басқарған Лукашенко Батысты "елде төңкеріс жасамақ болды" деп жиі айыптайды.

 

Оның бұл жолғы мәлімдемесі көрші Украина мен Ресей арасындағы жағдайдың ушығуымен тұспа-тұс келіп отыр. Ресей Украинамен шекарада және күшпен басып алған Қырымда әскерін көбейтіп, лагерьлер құрғаннан кейін Киев әскери интервенциядан қауіптенген.

 

Ресей – Беларусьтің жақын одақтасы және Мәскеу жылдар бойы Минскімен одақ құру жолдарын іздеп келеді. Бірақ Лукашенко қарсылық білдіріп, Беларусь тәуелсіздігінен айырылып қалам ба деп сескенеді және өзінің саяси ықпалына да алаңдайды.

 

 

 

azattyq.org/