Борис Джонсон: Көктемге дейін бізді қиын кезең күтіп тұр

28 қараша 2020, 00:12
728

Рождество кезінде туыстарға бір-бірімен құшақтасып амандаспағаны жөн, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлыбританияның бас санитарлық дәрігері осындай ұсыныс берді. «Әйтпесе, мерекеден кейін деректер саны тағы да күрт артып кетуі мүмкін», - дейді маман. Крис Уитти Рождество отбасылық мереке болғасын, тұрғындарды оны ең жақын адамдармен ғана қарсы алуға шақырып отыр. Премьер-министрдің де пікірі осыған саяды. Ол халықты сақтыққа салғырт қарамауға шақырды.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі: - Көктемде елімізде коронавирусқа қарсы вакцина салу науқаны басталып, тест саны көбейгенде шектеу шаралары жайлы ұмытамыз. Алайда оған дейін әлі көп уақыт бар. Алда қыс келеді. Күн суытқанда түрлі аурулар өршіп кететінін білеміз. Сондықтан көктемге дейін бізді қиын кезең күтіп тұр.

Англияда 5 қарашада жалпыұлттық локдаун жарияланған. Ол 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Келесі айдың басында локдаун аяқталып, тек вирус өршіп тұрған аймақтарда жергілікті карантин енгізу жүйесі күшіне енеді. Билік рождестволық мерекеге орай 23-27 желтоқсан аралығында шектеу шараларының жеңілдетілетінін мәлімдеді. Бұл күндері бір үйде тұрмайтын туыстарға кездесіп, отырыстар өткізуге рұқсат беріледі. Алайда бір жерде бас қосқан отбасылардың саны үштен аспауы тиіс.