Отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің жолдары талқыланды

07 тамыз, 21:52
0 1

Елімізде экономиканы тұрақтандыру үшін кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе әлемді індет жайлап, дүние жүзі экономикасы аумалы да төкпелі күй кешіп тұрған қазіргідей қиын кезеңде кәсіпкерлерге дем беріп, демеу жасау аудай қажет екені белгілі. Ел Президенті де бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу үшін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына ерекше назар аударып, тиісті тапсырмаларын берді. Мемлекет басшысы Үкіметке басқа да маңызды іс-шаралармен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын дамытудың тиімді жолдарын іздестіріп, бұл жұмыста кеткен олқылықтардың орынын толтыру керектігін қатаң ескерткен болатын. Өйткені аталмыш бағдарламаның ел экономикасында алар орыны ерекше. Оның басты мақсаты бизнес-жоспар дайындаудан бастап жобаны қаржыландыруға дейінгі жұмыстың барлығына қолдау білдіру. Осы арқылы елдің тұтыну тауарларын сырттан тасымалдауды азайтып, жұмыс орындарын ашып халқытың әл-ауқатын көтеру көзделген. Бұл мәселе Үкімет отырыстарында да үнемі сараланып тиімді шешімдер қабылданып жатыр. Бүгін болған кәсіпкерлік мәселелері туралы жобалық офистің отырысында да осы жобаның жұмыс істеу ауқымы талқыланды. Жиынды Үкімет басшысы Асқар Мамин өткізді. Келелі басқосуда «Қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасын іске асырудың осы уақытқа дейінгі аралық қорытындысы, мемлекеттік сатып алудағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту мәселесі, сондай-ақ, қатты зардап шеккен салалардағы бизнес субъектілеріне жүргізілген сауалнама нәтижесі мен олардың даму бағыты сарапталды. Басқосуға үкімет мүшелері, облыс әкімдері, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Даму» КДҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшылығы, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдері және тағы басқа да мамандар қатынасты.

Отырыста мәлім болғанындай биыл 1 тамыздағы қалыптасқан меже көрсеткішінде «Қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы бойынша бес жүз төрт миллирад теңге көлеміндегі қаржыға екі мың екі жүзден астам жоба келісіліп, екі жүз тоқсан екі миллирад теңгеге мың алты жүз жиырма сегіз жоба субсидияланыпты. Субсидияланған жобалардың алғы шебінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары және Жамбыл, Қостанай облыстары тұр. Сондай-ақ Павлодар, Қызылорда, Атырау өңірлерінде керісенше төмендеу динамикасы байқалған.

Елімізде биыл қаңтар мен шілде айларының арасында 4,9 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу өткізілген. Ал оның 42 пайызы «қарапайым заттар экономикасы» саласы бойынша отандық тауар өндірушілердің қатысумен болған. Осы бағытта жергілікті қамту бойынша үлестің қомақтысы Алматы қаласы, Алматы, Атырау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарына бөлінген, ал керсінше Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл өңірінде төменгі деңгей көрсетіліп тұр.

Осындай талқылаулар жасалғанан кейін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Қарапайым заттар экономикасын» жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін одан ары дамыту үшін жобаларға демеу көрсету мақсатында өңірлік жобалық офистердің жұмысын жандандырып, сондай-ақ, кәсіпкерлерге қолдау білдіру керектігін және жұмыс барысындағы кедергілерді жою туралы айтып, нақты пәрмен берді. Сонымен қатар, қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттікке Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тамыз айының аяғына дейін екінші деңгейлі банктердің кепілмен қамтамасыз ету туралы талаптарына жеңілдік енгізуді нақтылауды және несие беру мәселелері жөнінде бизнес субъектілерімен арадағы іс-қимылды арттыруды тапсырды.

Реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту өте маңызды. Сондықтан Үкімет басшысы облыс басшыларына, «Самұрық-Қазына» Қорына сатып алулар бойынша жасалған жұмыстар бойынша толық есеп беру керектігіне тоқталды. Сонымен қатар, жергілікті қамту жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын арттырудың маңызын тілге тиек етті. «Самұрық-Қазына» қорына отандық тауар өндіруші кәсіпкерлермен, әсіресе дайындалу үстіндегі атаулы қолдау тетігі бойынша оффтейк-келісімшарттар жасасу жайындағы жұмыстарды жалғастыра түсу керектігі жөнінде тапсырылды. Жиын соңында Асқар Мамин ең көп зардап шеккен экономика секторлары туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасаған сауалнаманың қорытындысына сүйене отырып, ондай кәсіпкерлерге бұдан кейін де қолдау білдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу керектігін атады.

Жиында берілген тапсырмалар іске асып, жүйелі түрде атқарылса бөлінген қаржы өз жемісін беріп, отандық кәсіпорындардың жұмысы қарқынды түрде жүре бастайтыны анық.


Нұрлы Еділов