Қазақстанда «ASHYQ» жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандарының жұмыс уақыты сағат 05:00-ге дейін ұзартылды

13 қазан, 21:21
320

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, – деп хабарлады primeminister.kz.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады. Соңғы екі аптада COVID-19-бен ауыру деңгейі 30%-ға, өлім-жітім 40%-ға төмендеді.

ВАК отырысында бірқатар маңызды шешім қабылданды:

COVID-19-ға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында вакциналауға жататын контингент 9,9 млн-нан 11,4 млн адамға дейін ұлғайтылды, бұл ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес ұжымдық иммунитетке 60% деңгейінде қол жеткізуге мүмкіндік береді;

халықты қайта вакциналауды қарашаның үшінші онкүндігінен келесі санаттағы адамдар үшін бастау жоспарланып отыр: тәуекел топтары (медицина қызметкерлері, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық мекемелердің персоналы мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері); 60 жастан асқан адамдар; өздігінен зерттеулерден өткен және КВИ-ға қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар;

«ASHYQ» жобасына қатысатын кәсіпкерлік нысандарының жұмыс уақыты ұлғайды, «жасыл аймақта» – сағат 03:00-ге дейін, «ASHYQ» жобасының көшбасшылары үшін – сағат 05:00-ге дейін; «сары аймақта» – сағат 01:00-ге дейін, «ASHYQ» жобасының көшбасшылары үшін – сағат 03:00-ге дейін;

Үндістан және Филиппинмен өзара вакциналау төлқұжатын тану іске асырылды, нәтижесінде Қазақстан Республикасы 15 елмен вакциналау паспортын тану туралы келісімге қол жеткізді (Түркия, Венгрия, Грузия, Қырғызстан, Молдова Республикасы, Моңғолия, Таиланд, Беларусь Республикасы, Армения, Иран, Сан-Марино, Аргентина, Эстония, Үндістан мен Филиппин);

карантиндік шектеулер кезеңінде ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне ҚР аумағына еркін кіру (ВАК шешімінсіз) бөлігінде өзгерістер енгізілді:

туыстық фактісін растай отырып, ҚР азаматтарының туыстары болып табылатын шетелдіктерге;

ҚР азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктерге ауыр науқастанғандарға күтім жасау үшін, олардың ілесіп жүретін жұбайлары мен кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жерлеу рәсіміне келгендерге.

Ведомствоаралық комиссияның отырысын қорытындылай келе, Ералы Тоғжанов бірқатар нақты тапсырма беріп, ВАК қатысушыларының алдында таяу уақыттағы басым міндеттерді белгіледі.
primeminister.kz.