Коронавирус ырыққа көнбей барады

23 шілде, 23:25
816

Елде жаппай вакциналау жұмыстары жүргізіліп, шектеу шаралары қолға алынғанымен нәтиже аз. Үлкендер тұрмақ балалар ауырып жатыр. Осыған байланысты бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой журналистердің сұрақтарына жауап беріп, түйткілді мәселелерді айтты.

Жыл басынан бері елде үлкендер тұрмақ 34 мың бала вирус жұқтырған. Оның екеуі қайтыс болды. Қазір 550 бала ауруханада жатыр. 13-і жаңа туған шақалақ. Ал 4 бала ауыр халде реанимацияда ем алуда. Олар Ақмола, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Жамбыл облысының тумалары.

Ажар Гиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: - Бүгінде елордада эпидемиологиялық ахуал өте күрделі. Инфекциялық стационарлар 70%-ке толық, ал реанимацияда 78% науқастар жатыр.

Елде барлығы 2 млн бала бар. Енді 12 жастан асқан жасөспірімдерге ата-анасы келіссе екпе салынады. Денсаулық министрі мәжбүрлеу болмайды деп уәде етті. Вакциналау елге Пфайзер екпесі жеткізілген соң басталады. Себебі балаларға салынатыны тек осы вакцина. Бұл өнімнің Қазақстанға жеткізілуі жөнінде 4 айдан бері келіссөз жүргізіліп жатыр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: - Ата-аналар баласына екпе салғызуға ниетті. Бірақ елде оған вакцина жоқ. Пфайзер жеткізілген уақытта балаларға салуға басымдық беріледі.

Елдің бас дәрігері халықты қолда бар екпемен вакцина қабылдауға шақырды. Өйткені ауруханада ауыр халде жатқандардың барлығы вакцина алмағандар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: - Қазір бар вакцинаны қабылдауға шақырамын. Күн сайын вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр. Ауыр халде жатқандардың көбісі вакцина қабылдамағандар. Елде жоқ екпені күтпеңіздер!

Қазір ел бойынша 2000-ға жуық вакциналау пункттері бар. 5 млн 54 мың 970 адам екпенің бірінші компонентін қабылдаса, екінші компонентін 4 млн жуық қазақстандық салдырған. Ал ревакцинация, яғни 6 айдан соң екпені қайта қабылдау әзірге қарастырылмайтынын Цой атап өтті.

24.kz