101 жастағы дәрігер ұзақ өмір сүрудің құпиясын бөлісті

23 шілде, 11:15
2094

Қария өз жұмысы мен пациенттерге деген махаббатының арқасында ұзақ өмір сүргенін айтты

Қартайғанына қарамастан жас пациенттерге көмектесіп жүрген 101 жастағы дәрігер ұзақ өмір сүрудің құпиясын бөлісті.

Майами педиатры Энди Маргилеттің (Andy Margileth) айтуынша, ол өз жұмысы мен пациенттерге деген махаббатының арқасында ұзақ өмір сүрген.

Қария дәрігер болудан басқаны армандамағанын айтты.

"Мен ешқашан жұмыстан шыққым келген емес, менің проблемам да сол. Мен жұмыста өзімді жақсы сезінемін. Бұл тіпті жұмыс та емес, көңіл көтеру. Өзгелерге қол ұшын созудан басқа маңызды не болуы мүмкін", - деп келтірді қарт ер адамның сөзін CBS News телеарнасы.

Дәрігер жүз жастан асса да, зейнетке шығу жоспарда жоқ екенін атап өтті.

Энди Маргилет аптасына бірнеше рет жүзумен айналысады, гантель көтереді.

Қарт дәрігер кезінде полиомиелитке қарсы вакцина жасауға қатысқан.

"Біз балаға бір дозасын бердік, осыдан кейін ол полиомелит мүлде болмағандай құлан таза айығып шықты. Бұл нағыз бақыт", - деді ол өзі емдеген алғашқы пациенттердің бірін еске алып.

Бұған дейін Гиннес кітабының рекордсмені 112 жастағы пуэрторикалық Эмилио Флорес Маркес оған осы жасқа келуге сезім көмектескенін айтқан еді.

"Мен әкемнің махаббатына бөленіп өстім. Ол мені және бауырларымды жақсылық жасауға және бөлісуге, адамдарды жақсы көруге үйретті", - деді Эмилио Флорес Маркес.

Сондай-ақ ол үйдің тұңғышы болғандықтан, бала кезінен фермада ата-анасымен бірге жұмыс істегенін айтты.

sputnik.kz