Қазақстанның Еуроодақтағы өкілдігінің басшысы тағайындалды

19 сәуір, 11:35
478

Марғұлан Баймұхан Бельгиядағы төтенше және өкілетті елші, сондай-ақ Қазақстанның Еуропалық Одақ пен НАТО-дағы өкілдігінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

"Марғұлан Бақытұлы Баймұхан Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы лауазымына тағайындалды", - делінген президент жарлығында.
Марғұлан Баймұхан 1974 жылы 6 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. Польшада Краков экономикалық университетін және Канаданың Ванкувер университетін бітірген. Халықаралық басқару ғылымының магистрі, іскерлік әкімшілік магистрі.

Еңбек жолын Daewoo Electronics компаниясында маркетинг және коммерция мәселелері жөніндегі менеджері қызметінен бастады. 1997 жылы Полшадағы River System Ltd компаниясының экспорт бөлімінде маман, кеңесші, аймақтық директор (Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия елдері) болып жұмыс істеді. 

1999 жылдан бері дипломатиялық қызметте жүр. Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында түрлі лауазымдарды атқарды. Қазақстанның Польшадағы елшілігінде жұмыс істеді. 2017 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанның Польшадағы елшісі болды.

Қазақстанның Бельгиядағы елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін сыртқы істер министрінің орынбасары болды.

II сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.