Қарағанды облысында жұмбақ жағдайда жоғалып ер адамның көлігі табылды

14 қыркүйек, 17:11
435

Қарағанды облысында он шақты күн бұрын жоғалып кеткен ер адамның көлігі табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 қыркүйекте Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полициясына Бұқар Жырау ауданы Доскей ауылының тұрғыны күйеуінің жоғалып кеткені туралы хабарлаған.

 

Ол 3 қыркүйекте күйеуі Өмірсерік Әлімқұлов 8.30 шамасында Мерседес-230 автокөлігімен Нұра ауданына қарай Шұбаркөл кентіне вахтаға кеткенін, содан қазірге дейін хабар жоқ екенін хабарлаған.

 

 

Аталған дерек Жаңаарқа ауданының полиция бөлімінде тіркеліп, іздестіру шаралары басталды.

 

"12 қыркүйекте Қаражал қаласы және Жаңаарқа ауданы полицейлері Шалғы ауылынан Жаманайбат кенішіне дейінгі аралықта жоғалып кеткен ер адамды іздеді. Іздеу жұмыстарына бес мототехника және 3 жол талғамайтын көлік тартылды. Шалғы ауылынан 50 шақырым жерде полиция қызметкерлері жоғалған ер адамның көлігін тапты", - делінген полиция таратқан ақпаратта.

 

Көліктің есігі құлыпталған, зақым келмеген.

 

Ер адамды іздеу шаралары жалғасып жатыр. Төтенше жағдай департаментінің Ми-8 тікұшағы сол аймаққа ұшып барды.