Құдайды жамылып, өзін ақтағанын қоймайды біздің қазақ...

15 қыркүйек, 01:42
1683

Осы қазақ менталитетіне еш түсіне алмаймын.
Жаңа ғана 8-қабаттан 2 жасар балақай құлап мерт болды. Куәлар өте көп екен. Ойнап жүрген балалардың біразы көрген. Алла ата-анасына сабыр берсін. Өте ауыр жағдай...
Біздің қазақ туады. Көп бала абырой, мәртебе, үй алуға негіз. Дұрыс-ақ. Бірақ... Бар мәселе сол бірақтан басталады.
Біздің қазақ терезеге торды балаларының қауіпсіздігі үшін емес, ұрылардан сақтану үшін қояды. Не деген санасыздық!
Біздің қазақ "құдай берді" деп туа береді. Құдай қалай береді, оны жасамасаң? Құдай кемпірге де бермей ме бергіш болса? Құдай бедеуге де бермей ме бергіш болса? Құдай тұрмысқа шықпаған қызға да бермей ме бергіш болса? Құдайды жамылып, өзін ақтағанын қоймайды біздің қазақ...
Қазір 5 қабаттан жоғары үйлер көбейді. Ауылдан келген, мемлекеттік бағдарламамен үйлі болған қазақтар көп. Бәрі мәз. Бұйырсын! Үбірл-шүбірлі болсын, өнсін-өссін! Бірақ... Бірақ жүрегінің бір бөлшегі өз қанынан жаралған бейкүнә періштелердің қауіпсіздігіне неге жүрдім-бардым қарайды бұл қазақ?
Дүкен айналасында шұбырған бала-шаға. Шешесі қайда? Қарны шермиіп аулада аузы көпіріп пісте шағып отыр! Кімге туады? Неге туады? "Шүкір, байымыз бар, туамыз", - дейтінін қайтерсің?! Бірақ... Бірақ сол туған нәрсесін бақылап, қадағалап, тәрбиелеу керек емес пе? Оның туғаны біреуге дәрі ме әлде мемлекетке қазына ма? Ертең өссе, жақсы адам болса, ата-анасына ғана пайда, қоғамға пайдасы болса де. Ал егер дұрыс тәрбие алмаса, түрмені толтыратын көптің бірі, к@ттің кірі емес пе?
Талай отбасыны көріп жүрмін. Үйлерінде күнде ұрыс, күнде ойран. Бірақ әйел туа береді. Неге? Бәрі қазақтар. Тусам, ұрыс тоқтайды деп ойлай ма? Өздері қырылып журген ата-ана пытырлатып туып тастаған баласына қайдан махаббат береді? Өңкей ұрыс-жанжалды көріп өскен балада қайдағы мейірім, қайдағы жылулық? Олардың психологиясына кім үңіліпті? "Ессізғағыр, біз де 12 болғанбыз, біріміздің киімімізді біріміз киіп өскенбіз" дейтін заман қайдааа!? Қазір 2021 жыл. Стресс дәуірі. Ең бақытты стрессіз балалық шақтың соңғы ұрпағы біз шығармыз?
Отбасында стресс болмаса, балада да стресс болмайды. Ата-ананың психологиялық көңіл күйі балаға қатты беріледі. Соны неге ҚАЗАҚ ескермейді? Неге ПРОСТО туа береді? Адам - капитал. Бізге жай ғана капитал емес, сапалы капитал керек! Көпірден өткізе алмайтын 30 топас ұлды қайтеді қазақ? Одан да жауды іліммен жеңетін 1 түйір ақылды қыз артық емес пе? Туа берсем, ел өркендейді дей ме? Тәрбие ше?
Үй алу үшін туу деген не сұмдық? Жөргекпұл алу үшін туу деген не сұмдық?
Мен тудым, көпбалалымын деп міндетсінерден бұрын, балаға мейірім мен махаббат, дұрыс тәрбие мен мәдениет берсе ғой, шіркін! Шермиген қарнын қағып, әр жерге бездеңдей бергенше... Ешкімнің баласы ешкімге дәрі емес. Туса, өзінің қамсыз қарттығы үшін туып жатыр. Жүдә бір Қазақстанның болашағын ойлапты да!
Болашақты ойлайтын ана баласын көшеде бейсауыт қалдырмайды, тәрбие береді, әр әрекетін қадағалайды, оқуға, білімге баулиды, мәдениетті етіп өсіреді. Ең болмағанда, қоқысты жерге тастамауды үйретеді. Ал осыларды жасамаған ана туған балаларын билікке міндет етпей-ақ қойсын...
Айналама қарасам, шошимын. Бәрі қазақ. Қазақы қазақтар. Біреуі орысша сөйлемейді, тұнып тұрған қазақы орта. Әп-әдемі. Бірақ... Лас, мәдениетсіз, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Аналарының қарғап-сілеп сөйлегендерін көргенде, сол баланы қарғайтын болса, несіне туады деп таң қаламын! Барлық жер қоқыс, боқ. Бір орыс не өзбек көрмедім. Қаааап-қазақ! Бірақ... Қоқыс, шошқахана, тек бүлдіру, жою, құрту, түкіру, айкайлау, төбелесу, боқтау, қирату, сындыру, лағып жүру. О, тоба! Қазақ десең, өзіңе тиеді 
Қысқасы, қазіргі қазақ менталитеті деградацияның жарқын үлгісі болып барады...
Қаным қайнайды... Жылағым келеді... 
Әлемдегі әр балаға жаным ауырады...
Әлемдегі әр бала махаббатта өссе деймін...
Әлемдегі әр бала тәрбие көрсе деп тілеймін..
Бір шегініс жасайын. Үйлі болдың, құтты болсын, алайда баласының қауіпсіздігі үшін 3 терезеге темір тор қоюдың қандай қиындығы бар? Дәл сол "решетка" әлемнің құны емес шығар? 9 ай құрсақта көтерген сәбиді болмағыр тиын-тебен тұратын темір тордан арзанға бағалап, Аллаға өз қолымен тапсыру үшін не деген ҚАТЫГЕЗ болу керек ата-ана?!