Ертеңнің болу, болмауы адамзаттың қолында емес екенін адам енді түсіну керек...

26 марш, 11:28
0 1

Біз ес білгелі тұтас әлем мұндай шарасыз күйге түспеген. Бұл адамзат үшін үлкен, ауыр пауза. Шешуші кезең. Мүмкін соңғы шанс...
Біз өзгеруіміз керек.
Ертеңнің болу, болмауы адамзаттың қолында емес екенін адам енді түсіну керек. Адамзат өзіне оралу керек.
Біз көп нәрсені білеміз, оқығанбыз, қос-қос дипломымыз да бар, бірақ түсінбейтініміз де көп. Мүмкін түсінгіміз де келмейді. Себебі тым өзімшілміз. Меніміздің қарнын тойдыру үшін адам адамнан аттап жүре беретін күнге жеткенбіз. Туған туғаннан, ата-ана баладан, бала әке-шешеден, адамдар үйлерінен, адамзат адами қарым-қатынастан, сөйлесу, әңгімелесуден, тіпті өзінен безіп виртуалды өмірге көшкен. Дүние жинаудың айла-тәсілі адамды адами қалпынан алыстатып бара жатқаны да өтірік емес.
Аз ғана карантин күндерінің өзі адамның адамсыз, қоғамсыз өмірі жоқ екенін, қиын екенін, мәнсіз екенін көрсетіп отыр. Жиған байлық, қызмет, алқа- медаль, алтын-күміс, киім-кешек, түрлі көліктер, самолет-вертолет, пойыздар бәрі тұр, әлемдегі ең әдемі жерлер де қаңырап қалды. Ешқашан адам аяғы таусылмаған қасиетті мекендер де бос. Алтыныңды тағып, тәуір киіміңді киіп шыға алмайсың, көлікке мініп еркін жүре де алмайсың, самолетке мініп қыдыру жоқ, тіпті көрші тұрған туғаныңа да бара алмайсың. Қауіпті. Жиған-тергеніңнің қызығын көрейін десең бәрі жабық, банкоматтан бар ақшаңды алу да қауіпті, басқыштарынан вирус жұғуы мүмкін. Адам адаммен кездесіп, тілдесуге зәру боп қалды. Құшақ жая амандасып, отырып бірге шәй ішу де әзірге арман. Қол ұстасып бірге жүруге, құшақтасып бетінен сүюге зәру болды.
Осының бәрі жәй, болмашы нәрсе емес. Бұл бізді негізімізге оралуды меңзеп тұрған жол.
Мұндайды кинода немесе түсімізде көрдік. Оянып кетіп түс екеніне талай қуандық та.
Адам дүние қууын өз бетімен ешқашан тоқтатпас еді, сондықтан әлемдегі тіршілікке пауза қойылды.
Жер-Ана біздің, әлемдегі ең саналы тіршілік иесінің іс-әрекетінен шаршады.
Табиғаттың қойнауын тескілеп түгел суырып жатырмыз, суын лайлап, қызыл кітаптағы тізімді көбейтіп барамыз, құшағын пластмассаға толтырғанымыз сонша онымен өзіміз улануға сәл қалдық. Тоқтаусыз көліктер ауаны ластап болды. Салдарынан әлемде климат өзгеріп жылдан жылға күн ысып барады, жыл мезгілдері өзіне тән белгілерінен ауытқиын деді, ғасырлар ерімеген мұздар еріп жатыр. Осының бәрі адамның тойымсыздығының кесірінен болып жатқан дүниелер. Біз, адамдар тым болмаса ұрпағымызды ойлаудан, олардың болашағына алаңдаудан қалдық, әйтпесе өлердей “ішіп-жеп” табиғаттың ресурсын осынша тез тауысуға ұмтылмас едік.
Бұл індетке біз тіпті рахмет айтуымыз керек шығар...Әрине жаман естіледі. Тұрпайы естіледі. Дегенмен бұл бізді өлтіру арқылы санамызды өзгертеді, өсіреді.
Адамзатты сұлулық та, басқа да құтқармайды, адамзатты бірлік пен мейірім, адамдық қана құтқарады.
Біз адам деген негізімізге оралуымыз керек. Адамға тән барлық асыл қасиеттерді қайтару қажет.
Жердің бетінде-ақ дүние қалтаңда тұрса да оның рахатын көре алмайтынын көрсетіп жатыр.
Адамзатқа енді бұрынғыша тойымсыз тіршілік етуге болмайды. Бұл - ойлану үшін берілген кезең. Сана ояну керек.
Бұл лайланған әлемімізді, бүлінген ниетімізді, қарайған жүрегімізді, тұншыққан сезімімізді, байланған көзімізді, ұйқыдағы санамызды оятатын сынақ.
Бір-бірімізге тек жақсылық тілейтін, жылы сөз айтатын уақыт келді.
Кешірім сұрайтын мезгіл келді.
Жер - Ананы енді ренжітпейтінімізді айтайық. Планетаны қастерлейтінімізді көрсетейік. Әлемді аялайтынымызды сұрайық.
Адамды бағалайтынымызды, адамзатқа қызмет ететінімізді көрсетейік.
Бізден көп нәрсе сұрап тұрған жоқ.
Бізді адам болуға ғана шақырып тұр.

Жанар Шамель
Фейсбуктегі парақшасынан