Қазақстан күз бен қыс мезгілдерінде электр жарығының тапшылығы күтілуде

22 қазан, 11:29
586

Күз бен қыз мезгілдерінің кезеңінде Қазақстанда электр қуатының тапшылығы күтілуде. Алдын ала болжам бойынша бұл шамамен 1000 МВт болады, деп мәлімдеді Қазақстандық электр желілерін басқару жөніндегі компания (KEGOC). Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компания жарық тапшылығы цифрлық майнинг өндірісі кезінде электр энергиясын тұтынудың күрт өсуімен (1000 МВт астам) сондай-ақ электр станцияларындағы апаттардың көбеюінен екенін жеткізді.

 
"Ең жоғары жүктеме уақытындағы тапшылық белгілі бір уақытта 1500 МВт-қа жетеді. Осы орайда тұрғындар үшін электр энергиясын тұтынуды шектеу тәуекелдерін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне жаңа түзетулер цифрлық майнинг өндірісімен айналысатын тұтынушыларды шектеуді қарастырады", - деді KEGOC акционерлік қоғамы.

Компания сонымен қатар электр жарығы үнемдеу мақсатында өшірілмейтінін ескертті. Бұл қуат тепе-теңдігін сақтау, сенімді жұмысты қамтамасыз ету және де транзиттік электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жасалады.

Сонымен бірге аурухана секілді маңызды әлеуметтік нысандар электрмен жабдықтаудың бірінші санатына жатқызылады. Осыған байланысты олардың тәуелсіз резервтік электр көздері болуы тиіс. KEGOC ауруханалардағы электр жарығы ешбір жағдайда сөндірілмейтінін баса айтты.

KEGOC компаниясы бұған дейін Жамбыл облысының ауылдарында электр қуатының ең жоғары жүктеме кезінде жарықтың сөндірілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.