Такси бағасы тағы 10-15% қымбаттауы мүмкін

22 қазан, 10:31
409

Баға дегенге тоқтау болмай кетті. Таксидің құны шарықтап тұр. Бұл тек бастамасы, бір айдан кейін тағы 10-15%-ке қымбаттауы мүмкін,- дейді сарапшылар. Себебі лайықты бәсекелес жоқ.

Елде такси қызметінің құны шарықтап кетті. Мұның себебі нарықта санаулы компания болғандықтан, бәсеке жоқ дейді мамандар. Жолаушылар такси бағасының қымбаттап бара жатқанына наразылық танытты. Әсіресе, ірі қалаларда күн райының өзгеруіне байланысты және көлік кептелісі кезінде жол ақысы өзгереді дейді.

Астаналықтар жұмыстан кейін іші лық толы қоғамдық көлікке сығылысып мінуге тырысады. Егер үлгермесе, такси қызметіне жүгінуге тура келеді. Ал такси құны кешкі алтыдан кейін шарықтап кетеді.

Медет Құрманов, Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы: – Халықтың 90 пайыздан астамы мобильді қосымша арқылы такси қызметін пайдаланады. Көліктің бағасы 15 пайыз қымбаттайды. Және жанармай қымбаттауы да себеп болып отыр. Сонымен қатар бәсекелестік болмауы да әсер етеді. Мобильді қосымшаға тіркелгендердің сұранысы артады, оның үстіне кептеліс бар. Осы факторларға байланысты құны есептеледі.

Бұл саланы бақылауға алу қажет екені жылдар бойы айтылып келеді. Дегенмен нәтиже жоқ. Қазір елде ресейлік технологиялық алпауытпен бәсекелесе алмайтын бірнеше компания бар. Бұрынғы диспетчерлік қызметтер жоқтың қасы.

Таксопарктер қазір Yandex, Uber немесе Didi секілді агрегаторлармен серіктестікте. Нарық өзін-өзі қалыптастырады. Бұған мемлекеттік органдардың араласуы жөн емес,- дейді сала мамандары.

Тимур Құдайбергенов, таксопарк иесі: – 2010 жылдан бастап бізде классикалық таксопарк болды. 2014 жылы taxi.kz мобильді қосымшамыз болды. Сол жылы нарыққа индрайвер келді. Біз олармен ұзақ уақыт бәсеке болдық. 2015-16 жылдары Яндекс пен Uber нарыққа кіріп, біздің мобильді қосымшамыз олармен бәсекелесе алмады. Диди қыста келіп, нарыққа кіруге ұмтылды. Бұл тарифтерге де әсер етті, жүргізушілер мен жолаушылар осы бәсекеде пайда тапты. Елде монополист жоқ, бұл бізге пайдалы.

Бірақ елде такси нарығының монополиялануы жайлы айтуға негіз жоқ. Бұл сарапшы пікірі. Қазір жергілікті компаниялар жойылып, шетелдік платформалар нарықты басып алды. Олармен кіші таксопарктер бәсекелесе алмайды.

Андрей Чеботарев, халықаралық инвестициялық компания сарапшысы: – Өкінішке қарай, біздің IT-компаниялар дер кезінде қимылдамады. Шетелдік компаниялардың ешқайсысы мемлекеттік емес, жеке компания. Сондықтан біздің IT-компанияларымызға тапсырыстар қызметінің осындай сервистерін жасауға ешкім кедергі жасаған жоқ. Мысалы, Украина нарығы дәл солай. Онда көшбасшылардың бірі - жергілікті компания. IT-нарығының нашар дамуына байланысты елде бәсеке де болмай отыр.

Тұтынушылар бағасының дүниежүзілік дерекқоры мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бүгінде ТМД елдеріндегі такси қызметтерінің ең жоғары тарифтері бойынша алғашқы үштікке кіреді. Сарапшылардың болжамы бойынша, бір айдан кейін бағалар тағы 10-15% көтерілуі мүмкін.

24.kz