Азық-түлік қымбаттауы қашан тоқтайды – Министр жауап берді

20 қазан, 16:09
518

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев журналистердің елде баға қашан тұрақтайтыны жайлы сауалына жауап бере алмады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, қазір үкімет бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Антиинфляциялық шараларды іске асыру үшін арнайы жоспар да жасалған. 

 "Апта сайын кеңес өтеді, цифрлық үкімет жұмыс істейді. Оған бақылау жүргізетін арнайы жүйе енгізілген. Шараларға келсек, бізде екі бағыт бойынша ісшаралар бар. Бірі жылдам әрекет етуге арналған. Және жүйелік шаралар.", - деді Ерғалиев мәжіліс кулуарында. 

Журналистер министрден қандай шаралардың қабылданғанын және қанша уақыттан кейін жанармай және қызметтер, азық-түліктік емес тауарлар бағасы төмендейтінін нақтылауды сұрады. 

Ерғалиев қазір республика бойынша 24 көтерме үйлестіру орталығынан тұратын ұлттық тауар өткізу жүйесінің жасалып жатқанын түсіндіріп өтті. 

"Бағасы өсіп жатқан тұтынушылық тауарларды сатып алу және қолжетімділігіне қатысты сауалдарды ауыл шаруашылығы министрінен сұраған дұрыс", - деп Әсет Ерғалиев жауап беруден жалтарды. 

Stan.kz