Қазақстанда ағаш экспортына тыйым салынады

19 қазан, 12:42
531

Қазақстанда ағаштың жекелеген түрлерін экспорттауға мораторий жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл жайында премьер-министрдің сайтында жазылды.

"Ресейден шыққан ағаш материалдарын рұқсатсыз қайта экспорттауға жол бермеу үшін, отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ете отырып, ағаштың жекелеген түрлерін Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге шыққан еліне қарамастан алты ай мерзімге тыйым салынады", - делінген хабарламада.

 
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов сонымен қатар ведомствоаралық комиссия отырысында экспорттық мораторийді алып тастау туралы шешім қабылданғанға дейін әр алты ай сайын шектеулерді автоматты түрде жаңарту туралы ұсынысты мақұлдады. 

Басқосуда сондай-ақ күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майының экспортының квотасын ұлғайту және табиғи уран мен оның қоспаларына экспорттық кедендік баж салығын енгізу мүмкіндігі жайында талқыланды.

Әлихан Смайылов тұқым өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, күнбағыс тұқымы мен күнбағыс майын экспорттауға квотаның оңтайлы көлемін анықтау және өнім бағасының өсуіне жол бермеу керектігін баса айтып өтті.