Қазақстан бидайының Қытаймен шекарада тұрып қалуының себебі неде

18 қазан, 17:26
625

Қытаймен шекарада қазақстандық бидай мен басқа да тауар тиелген мыңдаған вагон тұрып қалды.

 

Көрші мемлекет бұл шектеу коронавирусқа қарсы шаралардың қатаңдатылуына байланысты екенін айтты. Бірақ қазақстандық астықшылар мұның себебі тереңде жатыр деп күмәнданып отыр. Олар мәселеге қос тараптың билігі араласуы қажет деп санайды.

 

Бидайда коронавирус бар ма?

 

Қазақстан Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабановтың айтуынша, қазақстандық жүк тасымалдаушылар мұндай проблемаға бірінші рет тап болып отырған жоқ: 2020 жылдың қарашасы мен осы жылдың сәуірі аралығында бидай, ұн, құрама жем, май мен басқа да тауар тиелген вагондар Қытаймен шекарада тұрып қалған. Жүк жөнелтушілерге вагондарды станцияға қайтару үшін қосымша шығындануға тура келді.

 

"Қазір де сол жағдай қайталанып отыр. Айырмашылық тек санында ғана. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдері бар вагон саны 12 мыңнан асса, биыл мұндай вагондар шамамен 2 мыңға жуықтады", - деді Карабанов Sputnik Қазақстанға.

 

Оның айтуынша, кейбір вагондар биылғы жаздан бері әлі шекарада тұр.

 

"Күннің ыстығы, жабық кеңістік тауар сапасына зиян келтіретінін айтпаса да түсінікті. Тауар сапасы нашарлап, тіпті бүлінуі мүмкін деген қауіп жоқ емес", - деді Астық одағының өкілі.

 

Қазақстандық астықты күтіп отырған және ақысын жартылай немесе толық төлеп қойған қытай компаниялары да шығынға батып отыр. Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданының әкімшілігі (Қорғас және Алашанькоу өткізу пунктері орналасқан аумақ) теміржол арқылы Қытайға жеткізілетін жүк көлемін шектеу салдарынан олар да өз жүктеріне қол жеткізе алмай отыр. Өңірдегі билік бұған санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаңдатылуы себеп екенін айтты.

 

Цейтноттағы Қытай зауыттары

 

Қазақстандағы теміржол табаны (1 520 мм) Қытайдағыға (1 435 мм) қарағанда біршама кеңдеу екені бұрыннан белгілі. Бұл шағын айырмашылық қытай тарапына Қазақстаннан жеткізілген жүкті өз теміржолына икемдеуге уақыт жұмсауын қажет етеді.

 

Алайда бұл проблеманың туындап отырғаны кеше ғана емес. Әйтсе де жүк жеткізудегі проблемалар дәл қазір тіркеліп отыр. Неге?

 

"Қытайдың осылайша өзіне транзит дәлізін босатуы шектеудің шынайы себебі болып отыр деп санаймыз. Себебі жүктерді өңдеу, жүктерді кең жолтабаннан тар жолтабанға ауыстырудың барлығы қытай терминалдарында, Қорғас және Алашанькоу шекара маңы станцияларында орындалады. Біздің вагондар жеткенде, оның іші ұзақ уақыт босатылып, адам күші қажет болады", - деді Карабанов.

 

Оның айтуынша, барлық инфрақұрылым Қытай тарапында, өз жағымызда бірде-бір инфрақұрылым тұрғызбағанбыз. Қытай транзитіне қуанып, екі қолды бос қойып отырмыз.

 

Астық одағының өкілі Қытай қазақстандық жүк есебінен өзіне тиімді болғандықтан Еуропаға транзит дәлізін босатып жатыр деп сенімді.

 

"Кейінге қалдырылған сұраныс деген ұғым бар. Пандемия кезінде автомобиль, электроникаға деген сұраныс бәсеңдеді: адамдар үйлерінде отырды, олардың көбі аман қалудан басқаны ойлаған жоқ. Ал пандемиядан кейін адамдар ес жиып, соның нәтижесінде автомобильге, оның жабдықтарына, электроникаға деген сұраныс артты", - дейді Карабанов.

 

Теңіздегі жүк жеткізу қызметінің бағасы күрт қымбаттауы жағдайды ушықтырып жіберді. Сондықтан Қытайдан Еуропаға теміржол арқылы жүк жеткізуге сұраныс артты.

 

"Қытай Еуропадағы серіктестері алдындағы міндеттерін орындауы керек. Қытайлар қазір цейтнот жағдайында тұр, яғни олар шілде-тамызда жеткізуге тиіс болған контейнерлерді енді тасымалдап жатыр. Ол өзінің экономикалық мүддесін қорғап отыр. Мұның таңғалатын тұсы жоқ. Кедергілерді жойып жатыр. Ал біздің ел Қытайдан Батыс Еуропаға қарай транзит дәлізі ретінде ғана қарастырылады", - деді сарапшы.

 

Қарабановтың айтуынша,  бір контейнерге 21 мың доллар тұратын қазақстандық зығыр тиелуі мүмкін. Ал Қытайдағы электроника тиелген контейнер құны 800 мыңнан 1 миллион долларға дейін барады.

 

"Электронды құрал-жабдықтың экспорты Қытай экономикасының өсіміне, жұмыс орындарының артуына, салықтың көбеюіне, жалпы, өнеркәсіптік дамуға алып келеді. Ауыл шаруашылығы импорты басты мәнге ие емес. Қытай кез келген елден қажетті тауарды сатып ала алатын жағдайда тұр", - деді сарапшы.

 

Мәселені жоғары деңгейде шешу қажет

 

Карабанов бұл жағдай уәде етілген жүкке қол жеткізе алмай отырған Қытай компаниялары үшін де сигнал болады деп санайды.

 

"Оларға алдағы уақытта Қазақстаннан тауар сатып алмау туралы сигнал берілді. Бұған дейін Қытай компаниялары бізбен қуана серіктес болса, енді олар алдымен он рет ойланып барып шешім қабылдайды. Себебі тауардың шекарадан өтуіне қатысты күмән пайда болды", - деді Астық одағының өкілі.

 

Карабановтың айтуынша, бұл проблеманы Нұр-Сұлтан мен Бейжің арасында жоғары деңгейде шешу қажет.

 

"Бұл Бейжіңнің саясаты. Сондықтан оны Үрімшіде емес, Бейжіңде шешу қажет. Алайда біздің құзырлы шенеуніктер мұндай қадам жасамай отыр. Қытай Ресейге қатысты мұндай әрекет жасамайтыны анық. Ресейде де жолтабан тар. Бірақ, орыстар қарсы жауап бере алады деп қауіптеніп, Қытай оларға қатысты мұндай қылық танытқан жоқ", - дейді Карабанов.

 

Қазақстан шектеу енгізген жоқ

 

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" Қазақстан ұлттық компаниясы Қытаймен шекарада тұрып қалған вагондардың проблемасын шешумен айналысып жатқанын айтты. Қазақстандық тасымалдаушы апта сайын "Қытай темір жолы" және "Үрімші темір жолы" мемлекеттік корпорациясындағы әріптестерімен кеңес өткізіп, оларға хат жолдауда. Компанияда ҚТЖ өкілдері Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданының үкіметімен онлай-жиынға тұрақты қатысып жүргенін атап өтті.

 

"Бүгінгі күні Достық-Алашанькоу шекара өткелі бойынша контейнердегі жүк қана, Алтынкөл – Қорғас бойынша контейнердегі жүк пен темір-руда шикізаты өткізілуде. Контейнерден тыс жүктер қабылданбай тұр. Сондай-ақ астық түріндегі жүк пен тартылған өнім жылжымалы құрамның барлық түрі бойынша қабылданбауда", - деді ұлттық тасымалдаушы.

 

Қазір Қазақстан аумағында 8 707 вагон тоқтап тұр. ҚТЖ Қазақстан Қытайдан жеткізілетін жүктерді қабылдау бойынша шектеу енгізбегенін айтты. Ұлттық тасымалдаушы көрші елден келетін барлық импорт және транзит жүгін қабылдауға дайын. ҚТЖ ақпараты бойынша, 2021 жылдың 9 айында Қазақстан арқылы жүк транзиті 21%-ке артты.

 

Еске салсақ, 14 қазанда Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес жиынына қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тар жолтабан мәселесін көтерген болатын. Ол ЕАЭО бойынша серіктестерді көлік саласындағы әлдеқайда тығыз ынтымақтастыққа шақырды.

 

 

 

sputnik.kz