Ұлттық банк төрағасы қымбатшылық әлі жалғасатынын айтты

14 қыркүйек, 12:45
489

Әлемдегі азық-түлік бағасына қатысты тұрақсыздық қайта байқала бастады. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы (ФАО) мұндай құбылыс қант, өсімдік майлары және дәнді-дақылдар бағасының қымбаттауына байланысты екенін айтуда. Осылайша әлемдік нарықтағы тұрақсыздық Қазақстандағы инфляция динамикасына теріс әсер етуін жалғастырып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

 
Әлемдік өндірушілер шикізат пен дайын өнімнің тапшылығын, сондай-ақ бағаның өсуі әлі де тоқтамай тұрғанын айтуда.

«Контейнерді жөнелту құны 2019 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,4 есе өсті, бұл бағаның алдағы уақытта көтерілетінін білдіреді. Осыған орай өндірушілердің бағасы АҚШ-та 7,7%, Еуроодақта 12,2%, Қытайда 9% ең жоғары мәндерге жетті», - деді Ерболат Досаев.
Бұл ретте тасымалдау жұмыстарында туындаған қиындықтар мен мен шикізаттың қымбаттауына байланысты отандық өндірушілер тауарларының жылдық бағасы 14,2%-ға көтерілген.

Сондай-ақ, Досаев сәуір - тамыз аралығында жылдық инфляция 7,0%-дан 8,7%-ға дейін өскендігін айтты. Оның айтуынша, бағаның ай сайынғы өсу деңгейі 2008 жылдан бері алғаш рет ең жоғарғы көрсеткішке жетті.

Бұдан бөлек, жанар-жағармайдың қымбаттауы әлі де жалғасуда. Бұл киім-кешек және аяқ киім бағасының да өсуіне әкеп соғуы әбден мүмкін.