Қазақстан қандай салаларда инновациялық әлеуетін арттыра алады? – сарапшылар

16 сәуір, 18:36
1170

Сарапшылар еліміз осы бағыттар бойынша өз позициясын 2025 жылға дейін жақсартуы керек деген сенімде. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 ақпанда жарияланған Жарлығында айтылған.

 

Құжатта жақсарту қажет мақсатты көрсеткіштер көрсетілген. Олардың ішінде Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі “Инновациялық әлеует” те бар. 2019 жылы Қазақстан бұл позицияда 95-ші орынға ие болды, бірақ 2025 жылға қарай 70-тен төмен болмауын жоспарлап отыр.

 

Неден бастау керек?

 

Тарихшы Владимир Осколков білім мен медицинадан бастау керек деп санайды.

 

– Білім беруде қашықтықтан оқыту әдістерін жетілдіру, Қазақстанға үздік мамандарды шақыру және біліктіліктерін арттыру үшін өз оқытушыларын шетелге жіберу қажет. Білім – болашақтың іргетасы. Инновацияларды енгізетін кадрлар болуы үшін өз мамандарымызды даярлауымыз керек, – дейді Осколков.

 

Владимир Осколков

 

Медицина, туризм және орман шаруашылығы

 

Медицинада инновация тұрғысынан Қазақстан өзін жақсы жағынан көрсетті. Пандемия күшейген кезде жан сақтау бөлімдеріне оттегі қажет болған кезде, бүкіл елде оттегі станциялары салынды.

 

— Сонымен қатар, біз әлемдегі коронавирусқа қарсы ресейлік вакцина — Спутник V-ны егуді бастаған санаулы елдердің біріміз. Бізде қандай да бір ғылыми база мен әлеует бар. Емдеу-сауықтыру жобаларын дамытсақ та жақсы болар еді. Яғни, Алакөлді алайық – біз әлі күнге ондағы батпақтың құрамын білмейміз. Оны емге қолданып жатыр, бірақ оның қасиеттерінің медициналық негіздемесі әзірге жоқ, ғылыми зерттеулер жүргізілген жоқ. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыс туризмнің дамуына да ықпал етер еді.

 

Білемін, Шығыс Қазақстанға шетелдіктер келіп, аю мен марал аулаған. Бірақ жануарлардың санын бақылауға алу үшін, олардың санын қадағалап отыру үшін жаңа технологияларды енгізу керек — мысалы, квадрокоптерлерді іске қосу. Бұл орман шаруашылығындағы жаңашылдық. Солардың көмегімен ағаштардың саны қанша екенін де білуге болады — деді Осколков.

 

Табысты инновациялық жоба

 

Қазақстан Егін өсірушілер одағының төрағасы Виктор Асланов басым және болашағы бар сала болып табылатын ауыл шаруашылығына инновациялар енгізу туралы айтты. Ол “Қолдау” аграрлық порталын табысты жоба деп санайды. Ол арқылы мемлекеттік қызметтер цифрландырылады, ал фермерлер егістіктері мен ауыспалы егіс туралы деректерді енгізіп отырады. Алынған мәліметтер талдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл өнімділікті жақсартуға және уақтылы әрі тиімді агрономиялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

 

– Цифрландыру мен транспаренттілік сыбайлас жемқорлық қаупін азайту үшін ғана емес, одан әрі дамыту үшін де қажет. Бүгінде әзірше құзырет пен сараптама жетіспейді. Қазір нарықта цифрландыру бойынша көптеген ұсыныстар бар – мүмкіндігі жоғары GPS-навигаторлар, нүктелі егіншілікке арналған жабдықтар және т.б.

 

Виктор Асланов

 

Бірақ әзірге тек “сатушының дауысы” ғана естіледі және ол, әрине, өз тауарын жамандамайды. Фермерлерге өнімділіктің өсіреміз деп уәде береді, бірақ белгілі бір жүйенің тиімділігін дәлелдейтін зерттеулер қажет. Бұл жерде мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың қолдауы қажет деп ойлаймын. Қазір бізде не және қалай егу керектігі туралы үлкен білім бар, бірақ жаңа технологияларды енгізу бойынша әлі де дамыту керек, — деп есептейді Асланов.

 

 

 

kaz.365info.kz