Елімізде 27 мың шақырым жол жөнделеді

15 сәуір, 13:19
889

Бұл жолдардың 95 пайызын нормативті жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді.

 
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде министр Бейбіт Атамқұловтың төрағалық етуімен автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелердің сапасына арналған селекторлық жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ИИДМ мәліметінше, жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 71 мың шақырым, соның 25 пайызы бүгінде қанағаттанарлықсыз жағдайда. 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар жолдардың 27 мың шақырымына жөндеу жүргізу көзделген. Бұл жолдардың 95 пайызын нормативті жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың жергілікті желідегі жолдардың сапасына қатысты жарияланымдары мен пікірлері жиілеп кетті. Аталған мәселе министрліктің жіті бақылауында.

Осылайша, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жүргізген тексерістердің нәтижесі бойынша 2020 жылы республикалық желіде анықталған ескертулердің 2 пайызы түзетілмеген.

Жергілікті желі мен елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 25 пайызды құрады», - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасындағы жалпыға ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелер желісінің ұзындығы 157 мың шақырымды құрайды:

республикалық маңызы бар – 25 мың шақырым;

жергілікті маңызы бар – 71 мың шақырым;

көше-жол желісі – 61 мың шақырым. 2021 жылы жол-құрылыс әрі жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 6 мың шақырымы қамтылады.