КВИ-ға қарсы қандай екпені қайта алуға болады: дәрігер ұсынысы

14 қаңтар, 17:11
762

Қазіргі уақытта елордадағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз күйінде қалып отыр. Коронавируспен ауыратындардың саны өсуде.

 

Өз денсаулығын және айналасындағыларды вирустан қорғау үшін азаматтар мүмкіндігінше тезірек вакцинациядан өтуі керек, ал өткен жылы оны алған адамдар ревакцинациядан өткені жөн.

 

«Жанұя» қазақстандық әлеуметтік-медициналық компаниясы» ЖШС директорының орынбасары Замира Борлықбаева тұрақты иммунитетті қалыптастыру үшін қай уақытта ревакцинациядан өту керектігін айтты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

 

Дәрігердің айтуынша, ревакцинация мен вакцинацияның айырмашылығы аса үлкен емес. Бұл кез-келген инфекцияға, ал қазіргі жағдайда коронавирусқа қарсы қайта екпе алу.

 

Педиатр дәрігер сөз арасында балаларға 2-4 ай шамасында, ал бір жарым жасында – алғашқы ревакцинацияны, алты жасында екінші ревакцинацияны жасайтын АКДС екпесін еске салды.

 

«Ревакцинация коронавирустық инфекцияға қарсы иммундық реакцияны қалыптастыру және сақтау үшін қажет. Біз вакцинаның бірінші, екінші компонентін алғаннан кейін иммундық күш пайда болатынын білеміз, бірақ уақыт өте келе ол табиғи түрде азаяды», – деп түсіндірді дәрігер.

 

Вакцинаны таңдауға келетін болсақ, дәрігердің айтуынша, егер адам белсенді емес вакцинаны (CoronaVac, Hayat-Vax, QazVac) алса, онда алты айдан кейін векторлық вакцинаны алғаны қажет («Спутник V» немесе Pfizer де болады).

 

Бұл әдіс, дәрігердің пікірінше, денеде тұрақты иммунитетті қалыптастырады.

 

«Мысалы, егер адам бірінші және екінші компонент ретінде «Спутник V» векторлық вакцинасын алса, онда тоғыз айдан кейін ол вакцинаның басқа түрін алуы тиіс, ол үшін белсенділігі жойылған Sinopharm, Hayat, QazVac жарайды.

Егер, керісінше, адам алдымен белсенді емес вакцинаны алса, онда алты айдан кейін векторлық вакцинаны алу ұсынылады. Бұл Mix&Match схемасы иммундық жауаптың тұрақты қалыптасуына, организмде антиденелердің пайда болуына арналған», – деді ол.

 

Дәрігердің айтуынша, ревакцинацияның мақсаты ұжымдық иммунитетті құру ғана емес, адамның жеке иммунитетін де қалыптастыру.

 

Қазір коронавирус көп мутацияға ұшырайды, онымен тек осы әдіс арқылы күресуге болады.

 

 

 

24.kz