Тұмаудан емделу кезінде ең көп жасалатын ҚАТЕЛІКТЕР

25 қараша, 17:14
1609

Тұмау «сезонында» тезірек емделіп, ертерек жазыламын деп кейбір адамдар қателікке бой алдырып жатады. Ал ол жедел таралып, тез жұғатын вирустың одан әрі өршіп, өзге де аурулардың мазалап, тіпті созылмалы күйге өтуіне себеп болады. Сондықтан дәрігерлер тұмау кезінде көпшілік жиі жіберетін қателіктерді атай отырып, оны қайталамауға кеңес береді. Құлақ түрелік:
1. Тұмау сезіле бастағаннан бөлмені жиі желдетіп тұрған дұрыс. Сонда сырқат адамның тынысы кеңиді, таза ауа тұмау вирусын сыртқа айдайды деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ал қымтанып алып, оған қоса үйді қатты жылытып жіберсеңіз вирустар күшейіп, ауруды асқындырады.
2. Жөтел басталса болды дереу дәрі ішуге асығу да қате қадам. Алдымен жөтелдің құрғақ не ылғалды екенін анықтап алған дұрыс. Кейде жөтел көмейдің тітіркенуінен болады. Адам қақырық салдарынан жөтелуі де мүмкін. Жөтелді басатын дәріні осыған қарай таңдау керек. Әйтпесе қақырық түсіретін дәрінің орнына жөтел синдромын басатын дәрі ішкен жағдайда өкпені қабынуға душар етуіңіз мүмкін. Сондықтан жөтел пайда болса дәріні тек дәрігер кеңесімен қолданған дұрыс.
3. Енді біреулер суықтау, тұмау белгісі байқалғаннан антибиотик қабылдауға асығады. Осылай ауруды өршімей жатып басып тастаймын деп ойлайды. Естеріңізде болсын, антибиотиктер тұмауды толық емдемейді. Керісінше, оны бақылаусыз қабылдау салдарынан тұмау өршіп, нәтижесінде адам гайморит, құлақтың қабынуы, пневмония, менингит ауруларын өршітіп алуы мүмкін. Дұрыс қабылданбаған антибиотиктер ішек микрофлорасын бұзып, ондағы ағзаға қажетті бактерияларды жойып жіберуі мүмкін. Оның салдарынан иммунитет әлсіреп, ауру өрши түседі.
4. Тұмау кезінде мұрын бітіп, одан су ақса танауға пияз шырынын, өсімдік майын тамызатындар да бар. Мамандар мұны да дұрыс емес дейді. Себебі ол жұтқыншақтың шырышты қабатын күйдіреді. Оның орнына дәрігермен кеңесе отырып тамырды тарылтатын дәрі және залалсыздандыратын спрей алған дұрыс.
5. Дене қызуы көтерілгенде дәріден гөрі спиртпен, сірке суы қосылған сумен сүртінуді дұрыс деген де пікірер жеткілікті деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Дәрігерлер мұны да дұрыс санамайды. Өйткені ол терідегі тесіктер арқылы ағзаға түсіп, онсыз да вирус алдында әлсіреп тұрған ағзаны одан әрі уландырады. Ондай жағдайда тамырлар тарылып, науқастың тыныс алуы ауырлауы ықтимал.
6. Тұмау басталып келе жатқанда терлеп, суықты қуу үшін спиртті ішімдіктен ұрттап жіберген дұрыс дейтін пікірлер де кездеседі. Ал дәрігерлер этил спиртінің дәрі-дәрмектермен әрекеттесуі ағзаға кері әсер ететінін айтады.
7. Тұмауға шалдыққан адам толық жазылып кетпейінше душқа түспей қоя тұрған дұрыс деп санайды. Ал дәрігерлер бөлме температурасын қалыпқа келтіріп, шайынып алған дұрыс дейді. Тек одан кейін денені тезірек құрғата сүртінген дұрыс. Сонда тері үстіндегі улы заттар, вирус ағзаға зақым келтіре алмайды екен.
Тұмау кезінде осы қателіктерге жол бермеуге тырысыңыз, ағайын! Сонда аурудың өршуінен аулақ боласыз.
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.