Марат Омаров: Оңтүстікте бірнеше тойға барған адам өзі де той жасауға мәжбүр

25 қараша, 13:24
641

Бірнеше тойға барған адам өзі де той жасауға міндетті. Марат Омаровтың айтуынша, бұл – оңтүстіктің жазылмаған заңдарының бірі. Бұл туралы НТК арнасының "Ревю" бағдарламасы хабарлайды.

Композитордың айтуынша, шара иелері несие ала ма, қарызға бата ма, елден қалмауға тырысып бағады. Бастысы, елдің басын жиып, той жасайды. 

"Енді ол оңтүстік өңірінде жүйеге айналып кеткен. Қандай той болмасын, мейлі бесік той болсын, шілдехана болсын, құдалық болсын. Халық соған үйреніп қалған. Өйткені 1-2 тойға барғаннан кейін, ол міндетті түрде той жасауға мәжбүр", – дейді сазгер.

Ал бір ғана "Мария Магдалена" әнімен талай тойды шулатқан Асхат Тарғын қарызға белшесінен батып, той жасап, оған әртістерді шақырғанға қарсы. 

"Енді кредит алып шақырған дұрыс емес. Қалай болғанда да әркім өз көрпесіне қарай көсілуі керек қой. Қазіргі жастардың да талабы солай ма, әке-шешесін қинауы да мүмкін", – дейді әнші.

Талғат Жорабаев та қарызға қарсы. Дегенмен той-томалақтан қалмай жүргенін айтады. "Шыны керек, ол адам несие алып шақырып отыр ма деп осы уақытқа дейін ойланбаппын", - дейді Талғат.

"Болып жатыр енді. Өздеріңіз білесіздер ғой, барлығы әйтеуір есікті жауып алып, артынан кіріп болсын той жасап жатыр. Бұйыртқан тойдан қалмай жүрміз", –  деді ол.