Sheker сериалындағы актриса интимдік кадрларға қалай түскенін айтты

21 қазан, 19:52
2925

Sheker сериалының екінші маусымында Сабина рөлін сомдаған Әмина ҚАСИНОВА төсек қатынасын бейнелейтін көріністерге қалай түскенін және шын өмірде есірткіге деген көзқарасы қандай екенін айтып берді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

 

— Әмина, Sheker жобасына қалай тап болдыңыз, айтып беріңізші?

 

— Бұрын бұл жоба туралы білмегенмін, бірақ, Salem social media туралы естігенім бар еді. Осы компаниядағы кастинг-директормен таныс болғандықтан, ол мені осы рөлге шақырды. Кастингтен сәтті өткен соң, мені бірден осы рөлге бекітті.

 

instagram.com/ami__rmz

 

— Sheker сериалында ашық төсек қатынастарының көріністері бар екенін білеміз. Бұндай көріністерді сомдау қиын болды ма?

 

— Жаныма жататын адамды жігітім немесе басқа адам ретінде елестеткен жоқпын. Мен жай ғана миымды "өшіріп" қоямын. Шынымды айтсам, серіктесім жақсы адам болды, ыңғайсыз жағдайға қалдырмай отырды. Яғни, өз ісінің шебері еді. Сондықтан, бәрін бірінші дубльден түсірдік. Ал, оның орнында басқа адам болып, маған шынымен қырындаған болса, бұл көріністер сәтті болмайтын еді. Біз шынайы өмірімізді ұмытып, тек рөлімізді сомдап шықтық.

 

 

— Сериалда есірткі тартасыз, ал шын өмірдегі нашақорлыққа деген көзқарасыңыз қандай?

 

— Мүлде қарсымын. Қазір жас қыз-жігіттер расымен есірткіге қатты тәуелді болып жатыр. Бұндай адамдардан алыс жүруге тырысамын. Қазір жас қыздар бір мефедрон үшін өзін де сатуға дайын. Кейін қойып кетемін деп ойлайды. Бірақ, олай емес, өз денсаулығыңа жауапкершілікпен қарау керек. Қыз бала болашақ ана, болашақ жар. Ал, "мефа" сияқты есірткі бедеулікке әкеп соқтырады. Бұл жігіттерге де қатысты. Есірткі деген — қасірет.

 

instagram.com/ami__rmz

 

— Егер сізге ашық төсек қатынастарын сипаттайтын рөл ұсынса, келісесіз бе?

 

— Егер менің талантымды ашып, эстетикалық тұрғыда әдемі көріністер жасайтын жоба болса, келісемін. Мен үшін ерсі дүние емес. Шын өмірде мүлде басқа адаммын ғой, бұл тек рөл, өнер. Бұны түсіну керек.

 

instagram.com/ami__rmz

 

— Сіздің бұл шығармашылығыңызға ата-анаңыз қалай қарайды? Қарсы емес пе?

 

— Мен анама осындай рөл сомдап шыққаннымды тек жобаның түсірілімі аяқталған соң айттым. Анама "егер туыстарымыздың арасынан біреу менің рөлім туралы айтатын болса, назар аударма" деп ескертіп қойдым. Ол қолдау танытты. Жақындарыма да түсіністік танытқандары үшін рақмет. Ал, сыртымнан сөгетіндерге айтарым, бұл менің өмірім, кез келген шешімді өзім қабылдаймын. Мені асырап отырған олар емес, онда неге мен олардың сөздеріне құлақ асуым керек? Жастарға айтар кеңесім, жұмыс істеңіздер, өмірден ләззат алыңыздар. Ең бастысы — жаныңыз қалаған дүниеден қорықпаңыздар.

 

— Әмина, сұхбатыңызға көп рақмет! Алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

 

Бұған дейін Sheker жобасы Пусанда өткен Халықаралық фестивальде ең үздік веб-сериал атанған еді.

 

Сондай-ақ, бұл жоба Канн қаласында да көрсетілген еді.