Мөлдір Мұқанова Тұрсынбек басқаратын мекемеден тендер ұтып алған

15 қыркүйек, 00:00
1919

Бір сөзбен айтқанда Тұрсынбек Қабатов өз әйелінің компаниясының есепшотына қаржы аударған.

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов жетекшілік жасайтын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Nomadcityhall» мемлекеттік кәсіпорны Мөлдір Мұқанованың иелігіндегі «Алтын Бала TM» компаниясымен 500 мың теңгеге келісімшартын жасаған, деп хабарлайды kznews.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Сырт көзге тараптар арасында жасалған қарапайым келісімшарттың бірі болып көрінгенімен бұл құжатқа тапсырыс беруші ретінде Тұрсынбек Қабатов қол қойса, тапсырысты орындау  оның әйелі Мөлдір Мұқанованың иелігіндегі «Алтын Бала TM» компаниясына жүктелген. Бір сөзбен айтқанда Тұрсынбек Қабатов өз әйелінің компаниясының есепшотына қаржы аударған.

Ерлі-зайыптылар арасындағы бұл келісімшартты журналист Гүлбану Әбенова байқап қалған. Мемлекеттік сатып алу туралы Заңды белшесінен басқан тараптар тіпті елдегі эпидемиологиялық жағдайды да көз ілмеген сыңайлы. Өйткені балалардың вокалдық және хореграфиялық нөмерлерінен тұратын концерттік бағдарламаларынан тұратын мерекелік шараны өткізу үшін жасалған келісімшартқа өткен жылдың 7 тамыз айында қол қойылған. Әзірге екеуара келісімге сай Тұрсынбек пен Мөлдірдің еліміздегі коронавирустық инфекцияның таралуы деңгейі шарықтау шегіне жеткен сәтте кімге концерттік бағдарлама көрсеткені белгісіз. Өйткені соңғы кездері басынан дау арылмаған әзілкеш бұл жағдайға қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Ал заңгер Сергей Уткин мұндай келісімшарт “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңға қайшы келетінін айтады. Аталған заңның 6 – бабында тапсырыс беруші мен орындаушының арасында жақын туыстық байланыстың болмауы керектігі айтылған. Сол секілді ерлі-зайыптылар арасында да мұндай келісім жүргізу де заңға қайшы келеді.