"Заңбұзушылық орын алмады": Қайрат Нұртастың Алакөлдегі концерті жайлы құзырлы органдар пікір білдірді

23 шілде, 22:55
1000

Қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртастың Алакөлде дүркіретіп өткізген концерті жайлы құзырлы органдар пікір білдірді. Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің мәліметінше, мұнда заңбұзушылық орын алмаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ығы-жығы концертке жиналған тыңдармандар түсірілген видеоны әнші өзінің желідегі парақшасына жүктеген. Өз кезегінде бұл қазақстандықтардың наразылығын тудырды. 

 
Дегенмен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің мамандары тексеру жүргізгендерін және концертте карантин талаптар бұзылмағанын алға тартады. 

"Бүгінгі күнге дейін Үржар облысы әкімдігінің мониторингтік топтарынан Alazone аренасы қызметіндегі заңбұзушылықтар туралы материалдар, сондай-ақ, Алакөл көлінің жағалауында демалушыларынан шағымдары мен өтініштері болған жоқ", - дейді департамент өкілдері.  

Олар облыстық санитарлық дәрігердің қаулысына орай концерт залдарында 20% сыйымдылықпен, ал Ashyq қатысушылары 40% сыйымдылықпен іс-шара өткізуге рұқсат берілгенін жеткізді. Ал әншінің ән шашу кеші өткен Alazone демалыс орны Ashyq жүйесінде тіркелген көрінеді. 

"Іс-шара ашық аспан астында өткізілгендіктен мұндағы эпидемиологиялық қауіп өте төмен", - дейді эпидемиологтар. 

Еске салсақ, бұған дейін Қайрат Нұртастың концертіне жиналған көрермен желі оқырмандарының түсінбестігін туғызғаны айтылған еді.