"Қатаң шара қабылдаймыз". Аймағамбетов білім басқарма басшыларына ескерту жасады

14 қыркүйек, 19:23
798

Білім және ғылым министрлігі оқу жылының басынан білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне 70-ке жуық өтініш келіп түскенін хабарлады деп жазады qamshy.kz тілшісі.

 

Сонымен қатар білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында әлі де өте көп шағымдар келіп жатқанын айтты.

 

– Әр шағым бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Қызметінен босату, тәртіптік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасады. Мұғалім тек балаларға сабақ беру керек. Басқа жұмыстарға араласуға тыйым салынады. Қағазбастылықтан арылу жұмыстары  да жалғасады. Бұл мәселе менің назарымда болады. Ең бірінші біз білім басқарламаларынан бастауымыз керек. Тағы да ескертемін егер заң бұзылатын болса, қатаң шара қабылдайтын боламыз, – деді министр. 

 

Аймағамбетов айтқан шағымдардың көпшілігі білім министрлігінің ресми сайтында жарияланды.

 

Мәселен, Түркістан облысында балабақша тәрбиешісі қызметінен заңсыз босатылған. Алайда әкімдіктің білім басқармасы оның құқығын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдамаған. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменті қызметкерлерінің араласуынан кейін ғана тәрбиеші бұрынғы жұмысына қайтып оралды.

 

Атырау облысында педагогикалық этика ережелерін бұзғаны үшін Қ. Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі жұмысынан босатылған болатын.

 

Алматы облысында департамент қызметкерлері мұғалімнің өтінішінен кейін шаралар қабылдады. Өтініште мұғалім білім беру ұйымдарында ақша жинау және оларға тән емес функцияларға тарту фактілері туралы хабарлаған. Мәселе қаралғаннан кейін Текелі қаласындағы №6 орта мектебінің директорын қызметінен босату туралы шешім қабылданып, осыған ұқсас фактілер расталды. Сонымен қатар Текелі қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысының м.а. тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.

 

Педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерінің ең көп бұзылуы Түркістан және Алматы облыстарында байқалады.

 

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде иммунизациялау шаралары бойынша тізім жасау туралы құжат жарияланды. Мұндай ақпаратты жинау жөніндегі бұйрық БҒМ-мен қарастырылмаған. Аудандық білім бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Айта кетейік, Білім және ғылым министрінің тапсырмасы бойынша әр облыста педагогикалық әдеп жөніндегі комиссиялар құрылды, олар педагогтердің құқықтарын бұзу бойынша өтініштер мен фактілерді жедел қарайды.