Қазақстанда баспана бағасын төмендету үшін шұғыл шаралар қабылданады

10 маусым, 16:48
594

Елімізде баспана бағасын төмендету үшін шұғыл шаралар қабылдантын болалды. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың қаңтар-мамырында жаңа үйлердің бағасы 8%-ке, ал қолданыстағы баспана 13%-ке өскен. Қаңтар-сәуірде отандық құрылыс материалдары 16 пайызға қымбаттады.

 
"Тұрғын үй құрылысы нарығына келсек, бірқатар фактор мен кедергілер бағаның өсуіне әсер етті. Баға жағдайына нарық қатысушыларының алыпсатарлығы да әсер етті. Бүгінгі таңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша баспана жағдайын жақсартуға 1,4 триллион теңге бағытталған, бұл қолжетімді зейнетақы қаражатының жалпы көлемінің 60%-ін құрайды. Осылайша тұрғын үй бағасының өсуіне тек құрылыс материалдарының қымбаттауы ғана емес, сонымен қатар жоғары сұраныс та ықпал етті", - деді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин үкімет отырысында.

Айтуынша, президенттің тұрғын үй бағасының өсуіне жол бермеу туралы тапсырмасын орындау аясында 14 құрылыс компаниясына бағаны түсіру жайлы хабарлама жіберілді. Шымкент, Қарағанды, Өскемен және Қостанай қалаларында құрылысышылар осы тапсырманы орындап, бағаны орта есеппен 15-20 пайызға төмендеткен. Бірақ монополияға қарсы органның ақпарат талап ету жөніндегі заңды іс-қимылдарына барынша қарсылық көрсеткен ірі құрылыс ұйымдары да болған.

"Бұл – BAZIS-А, Bi Group, RAMS Qazaqstan. Олар бас тартты және толық емес ақпарат берді. Сондай-ақ соттағы әрекеттерімізге шағым жасады. Ақпаратты ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік туралы 21 хаттама жасалды, ал соттар салған айыппұлдардың жалпы сомасы 9,6 миллион теңгеден асты", - деді ол.

Асқар Мамин  бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар тізбегін ұсынды. 

"Құрылыс компаниялары мен отандық құрылыс материалдарын өндірушілер тарапынан спекулятивтік әрекеттерге жол бермеу қажет. Бәсекелестікті қорғау агенттігі индустрия министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп,  жауапсыз өндірушілер мен өнім берушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауға тиіс", - деді премьер-министр.   

Оған қоса, премьер-министр офтейк-келісімшарттар да баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді құралы бола алатынын жеткізді. Айтуынша, қазір  үкімет құрылыс компанияларымен баспананы белгіленген бағамен сатып алуға оффтейк-келісімшарттар тетігін енгізіп жатыр. 

Сонымен қатар, индустрия министрлігіне кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақмерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.