Мәскеу соты Навальныйдың штабтарын «экстремистік ұйым» деп таныды

10 маусым, 15:59
640

Мәскеу қалалық соты сәрсенбі күні кешке Алексей Навальный негізін қалаған "Жемқорлықпен күрес қоры" (ФБК) мен Навальный штабтарын, бұған қоса "Азаматтардың құқығын қорғау қорын" "экстремистік ұйым" деп танып, Ресей аумағында қызметіне тыйым салды, деп жазады Азаттық.

Сот аталған ұйымдарды жабуды ұйғарды. Олар жұмысын дереу тоқтатуы тиіс. Алайда сот шешімі апелляциялық инстанцияда қайта қаралуы мүмкін.

Шешімнің шығуына прокуратура шағымы түрткі болған. Сот отырысы 12 сағаттан астам уақытқа созылды. Сот отырысының соңында "Жемқорлықпен күрес қорының" адвокаттары соттың істі біржақты қарап жатқанын алға тартып, процестен шығып кетті.

Адвокат Иван Павловтың сөзіне қарағанда, ФБК-ның рұқсат етілмеген акцияға қатысушылардың айыппұлын төлеп беруге уәде етуін айыптау тарабы "экстремистік әрекетті қаржыландыру" деп бағалаған.

Құжаттардың бір бөлігі "құпия" болғандықтан сот тыңдауы жабық өтті. Соңғы отырыс кезінде қорғау тарабының істі құпияландырмау туралы өтініші қанағаттандырылмады.

Қамауда отырған Навальныйдың Инстаграмдағы парақшасында соттан кейін төмендегідей хабарлама пайда болды:

"Мақсаттарымыз мен идеяларымыздан бас тартпаймыз. Бұл біздің ел, бізде басқа Отан жоқ".

Жақында қабылданған заңға сәйкес, ФБК немесе штабта жұмыс істемеген Навальный жақтастарының әрекеті "экстремистік ұйымды қолдау" деп танылса, олар кез келген деңгейдегі сайлауға түсе алмайды.

16 сәуірде Мәскеу прокуроры Денис Попов сотқа шағым түсіріп, Навальный ұйымдарын "экстремистік" деп тануды сұраған. Прокуратура өкілдерінің пікірінше, ФБК және өзге де ұйымдар Ресейдегі әлеуметтік және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандырып отыр.

26 сәуірде Мәскеу қалалық соты Навальныйдың аймақтағы штабтарының жұмысын тоқтатқан, 27 сәуірде ФБК мен Азаматтардың құқықтарын қорғау қорының жұмысы тоқтатылды. 29 сәуірде Навальныйдың аймақтағы штабтарының үйлестірушісі Леонид Волков ұйым таратылғанын хабарлады. Ол штабтар жабылмаса, Навальныйдың жақтастарына қауіп төнуі мүмкін деп мәлімдеген.