Алматының бақылау бекетіндегі жол апаты: Аман қалған полицей алғаш рет сотта жауап берді

25 қыркүйек, 20:42
0 1

Алматыдағы бақылау-өткізу бекетінде адам өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасы бойынша сот процесі жалғасуда. Экс-полицей Азат Азаматов айыпталып жатыр. Бүгін апаттан аман қалған жалғыз полиция қызметкері сотта жауап берді.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Жантүршігерлік жол апатынан тек полиция қызметкері Ербұлан Сейдазым аман қалды, оның екі әріптесі қайтыс болды. Бүгін Ербұлан өліммен аяқталған жол апаты туралы айтты.

Полицейдің айтуынша, ол бақылау-өткізу бекетінде 18 мамырдан бері жұмыс істеп келген. Ер адам 24 мамырда кешке жұмысқа кіріскен, апат 25 мамырда таңертең болды.

«Апаттан бірнеше минут бұрын мен станцияға планшетті алып кіріп, жол полициясына (көз жұмған - ред.) тапсырмақ болдым. Көлікке жақындағанымда жол апаты болды. Мен есімнен танып қалдым, бірнеше күннен соң ауруханада ояндым. Маған бетон қоршау ұшып келіп соғылған сияқты», - деді жәбірленуші.

Жол апаты кезінде Ербұлан жүргізуші жағында тұрған. Ер адам үлкен бетон қоршаулар автомобиль соққысынан ұшып кетуі мүмкін деп тіпті ойламаған.

Полицей қазір ауруханадан шығарылды, бірақ ол әлі қызметке қайта оралмайды. Себебі жарақаты ауыр. Ол бір ай ауруханада жатып, екі рет ота жасатты. Сейдазым айыпталушыдан өтемақы төлеу туралы әлі шешім қабылдаған жоқ. Ол туралы ойлану керек екенін айтты. Полиция қызметкері одан әрі емделу керек екенін де атап өтті.

Жәбірленушінің айтуынша, ол айыпталушымен таныс емес. Сот отырысында апат болған жерге жақын жерде тұратын куәгерлер де сөз сөйледі. Куәгер әйелдің сөзіне қарағанда, қатты дауысты естігеннен кейін ол көшеге жүгіріп шыққан.

«Мен жүгіріп шықтым, форма киген жас жігіттің жерде қансырап жатқанын көрдім. Апат болған жерге жүгірдім. Бір жігіт алдымнан жүгіріп шығып, спирт, көрпе, матрац алып шығуымды сұрады. Мен көп нәрсені көрмедім, бірақ оқиға көз алдымда», - деп еске алады ол.

Ол апат болған сәтті көрмегенін және сотта айыпталушыны танымағанын айтты.

«Мен оны көрген шығармын, бірақ есімде жоқ. Мен қызметкерлердің біреуге айқайлап жатқанын естідім: «Сіз не істедіңіз? Адамдар қайтыс болды!» деп жатты. Менің есімде қалғаны, олар шұлық пен қысқа шалбар киген адамды ертіп бара жатқан», - деді куәгер.

Оның сөзін тағы бір куәгер растады. 

Естеріңізге сала кетейік, 25 мамырда таңертең Алматыдағы бақылау-өткізу бекетінде жантүршігерлік апат болды. Шетелдік көліктің жүргізушісі мас күйінде бақылау бекетін бұзып, полицияның қызметтік көлігін қағып кетті. Апат салдарынан екі полиция қызметкері қаза тауып, тағы біреуі аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.