Қазақстанда коронавирус эпидемиясына қатысты жағдай тұрақталып келеді - Цой

03 тамыз, 12:43
0 1

Министрдің айтуынша, наурыз айынан бері елімізде 92 662 адамда коронавирус инфекциясы анықталып, 62 511 науқас жазылып шыққан

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустық инфекция бойынша жағдайдың жақсарып келе жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қиын кезең артта қалды деп айтсақ, артық болмас. Қазіргі кезде жағдай тұрақталып келеді", – деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Ресми мәліметке сәйкес, наурыз айынан бері республика бойынша 92 662 адамда коронавирус инфекциясы анықталды. Олардың ішінде 62 511 науқас жазылып шықты. Қалғаны ем-дом алып жатыр.

"Соңғы тәулік ішінде 672 науқас індеттен айықты. Мұндай көрсеткіштер баяу болса да, өсіп келеді. Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Маңғыстау облыстары мен елордада жағдай жақсарып жатыр. Осылайша, Қазақстандағы коронавирусқа шалдығу жағдайы тұрақталды деп толық айта аламыз. Оны өзіңіз де байқап отырған шығарсыз. Шарықтау шегі артта қалды", – деп атап көрсетті Цой.

Министрдің айтуынша, ендігі мақсат – осы көрсеткішті ұстап қалу. Себебі, бұған жету жолында халыққа да, денсаулық сақтау жүйесіне де оңай болмаған.