Планшетке таласқан - Таразда болған трагедияның мән-жайы

20 мүмкін, 10:37
0 1

Жасөспірім қарындасын балғамен ұрып өлтіріп, түк болмағандей көппен бірге іздеуге кіріскені айтылып отыр

Таразда планшетке таластың соңы қайғылы аяқталып, туған қарындасын өлтірді деген күдікпен 15 жастағы бала ұсталды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жасөспірімнің бұл әрекетіне қыздың гаджетті бермей қойғаны себеп болған көрінеді. Көршілерінің айтуынша, 10 жастағы қыз ұйқыға жатқанда ағасы балғамен ұрыпты. Күдікті дереу қамауға алынып, тергеу басталды.

Қаланың шеткі ауданындағы қанды қылмыс түнгі 12 шамасында болды. Қаралы үйдің көршілерінің айтуынша, ағасы мен қарындасы арасындағы планшетке талас күндіз басталған. Тіпті осы даудан кейін 10 жастағы қыз көршісінің үйіне қашып келген.

"Қызды үйден шығарып жіберген. Келіп біздің талдың астына жатты. Қатты жауын жауып тұрды. Үстіне жабатын көрпеше алып жатты. Менің қолшатырымды алды. Сындырып қоя ма деп, қайтарып алдым. Сосын үйіне кеткен", – деді Шынар Мырзахметова

Үйіне қайта оралған жеткіншекті ұйықтап жатқанда туған ағасы балғамен ұрып өлтірген, дейді көршілері. Ал денесін далаға сүйреп шығарып тастап, өзі түк болмағандей көппен бірге бауырын іздеген. 4-сынып оқушысының денесі көрші үйдің маңындағы бағананың түбінен табылған. Оны ең алғаш ауыл тұрғындарының бірі анықтап, дереу жедел жәрдем шақырды. Сол куәгердің айтуынша, мқызың бассүйегіне ауыр зақым тиген.

Тәртіп сақшылары бұл дерекке қатысты толық ақпарат берген жоқ. Тек қайғылы жағдайдың болғанын және күдіктінің қамауға алынғанын растады.

"Тергеу амалдарын жүргізу барысында 15 жасар күдікті ұсталды. Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", – деді Тараз қалалық 2 полиция бөлімі бастығының орынбасары Жандос Мәметқұлов.

Күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, Тараз қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Жасөспірім қарындасын өлтірді дегенге көршілерінің көбі сенбейді. Ол момын, жуас еді деп отыр. Ал көз жұмған 10 жастағы қыз төрт  жылдан бері каратэмен шұғылданған екен. Айта кететін жағдай, бір перзентінен айырылып, екіншісі сотталғалы жатқан ерлі-зайыптының бес баласы болған.