Шымкенттік қыз Түркістандағы арнайы интернатта көрген қорлығын айтты

23 ақпан, 11:35
1809

Шымкенттің Вероника есімді 32 жастағы тұрғыны бірнеше жыл бұрын интернатта дәрігермен жанжалдасып қалған соң, өзін психикасы ауытқыған деп танып, арнайы мекемеге ауыстырып, мәжбүрлі түрде залалсыздандырғанын айтты.

 

Вероника өз оқиғасын Otyrar телеарнасында бөлісті.

 

Оның сөзінше, 2015 жылы арнайы интернатқа ауыстырылған. Бірнеше уақыттан кейін интернаттағы тәрбиеленушілердің бірі жүкті болып қалып, мекеме директоры барлық қыздарды залалсыздандыру керек деген шешім шығарған.

 

"Мені залалсыздандырды, мен ешқандай құжатқа қол қойған емеспін", - дейді Вероника.

 

Ол ішінде қалып қойған тыртығын да көрсеткен. Қыз арнайы интернатта 4 жылға жуық уақыт болыпты. Кейіннен оны қамқорлыққа алған. Ал екі жыл бұрын өзін қабілетті деп тану үшін сотта жеңіске жеткен.

 

Журналистер арнайы интернаттың бас дәрігерімен кездесе алмапты. Алайда олардың сауалдарына мекеменің психиатр-дәрігері жауап берген.

 

Дәрігер созылмалы аурулары бар мекеменің пациенттеріне Денсаулық сақтау министрлігінің жарлығына сәйкес залалсыздандыру жасалғанын растады.

 

"Жалпы алғанда, созылмалы психикалық аурулармен ауыратын адамдарға хирургиялық жолмен залалсыздандыру жүргізу керектігі көрсетілген. Яғни, мұндай пациенттердің жүкті болуына болмайды", - дейді "№1 Түркістан арнаулы әлеуметік қызметтер көрсету орталығы" КММ психиатр-дәрігері Сәбит Камалов.

 

Жағдайға қатысты Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы да пікір білдірді.

 

"Комиссия құрамыз, оның құрамына сарапшылар кіреді. Сапа бойынша, науқастың бағыты бойынша тергеу жүргіземіз. Тергеудің қорытындысы туралы хабарлаймыз", - дейді өңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрхан Нарымбетов.

 

Вероника органдарға арыз түсірмек ниетте. Ол өзінің еміне жұмсау үшін өтемақы алғысы келеді. Келіншек ана атануды армандайды.

 

 

 

kaz.nur.kz