Сапасыз құрылыс жел соқпай-ақ құлап қалды

23 қыркүйек, 17:25
0 1

Екі күннен бері әлеуметтік желілер мен бүкіл БАҚ Алматы облысы Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы село­сында салынып жатқан, алдағы жел­тоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған спорттық-сауықтыру кешенінің бір қанаты төбесімен бірге опырылып, ортасына түскені жайлы ақпаратты жалаулатып жатыр.
Осылайша, 1 млрд 171 млн теңгеге был­тыр күзде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бо­йынша басталған көпшілікке көп үміт сыйлаған, спорттан дарынды балаларға жол ашатын спорттық мекеменің құ­рылысы аяқталар тұста сыр бергені үл­­­кен талқылауға ұшырады. Әз­­ір­ге түрлі болжам айтылуда. Кейбіреулер адами факторды да жоққа шығармай, құрылыс қаң­қасын құрастыру кезінде жұ­мысшының кесірінен бұ­ран­даның дұрыс бұралмауы мүм­кін деген күлкілі болжамдар ай­ту­да. Қалай болғанда да об­лыстағы құрылыс қарқынды деп мақтанғанымызбен, сапа жа­ғынан сыр беріп жататынын жасыруға болмайды. Басқа ны­сандарды айтпағанда, жыл сайын мыңдаған шаршы метр­леп пайдалануға беріліп жат­қан, сапасы мен қауіпсіздігі қа­таң бақылауда болуға тиісті тұр­ғын үйлерден де айлар өт­пестен ши шығатынын жоқ­қа шығара алмаймыз. Бұл жолы да құрылысқа сапасыз ма­те­риал­дардың қолданылуы мен құрастыру барысында жа­уап­сыз­дыққа жол берілген болуы әбден мүмкін.

Құрылыс жұмыстарына Ал­маты облыстық сәулет және қала құрылысы басқар­масы жауапты. Алайда осы басқарманың жа­уапты тұлға­лары қираған құрылысқа қа­тыс­ты қандай да бір пікір біл­діре алмайтындарын айтып, бастарын ала қашты.

– Басқарма басшысының орынбасары бастаған жауапты тұлғалардан құрылған комиссия Ұйғыр ауданына аттанды. Әз­ір­ге нысан нақты осындай себеп­пен құлады деп кесіп ештеңе айта алмаймыз. Комиссия оқи­­ғаны жан-жақты тексеріп ба­рып шешім шығарады. Са­раптаманың қорытындысын 45 күн күту қажет. Соған сай қорытынды ұйғарым қа­шан дайын болатыны бел­гісіз. Шыдамдылық таны­ту­ларыңызды сұраймыз. Қазіргі уақытта Шонжы ауылында құ­­рылыс нысаны тексерістен өту­де, – дейді ондағылар.

Ұйғыр ауданының тұрғыны, «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жәнет Керімқұлов: «Бүгін өз көзіммен көру үшін оқиға болған жерге бардым. Неге құлағаны белгісіз. Көктем айларында құрылыс қарқын алып, көпшілікпен бірге қуанған едік. Енді, міне, осындай жағдайға тап бол­дық. Бір қабырғасы ғана емес, сайттарда жарияланған суреттегідей толық құлаған. Темір тұрмақ, киіз үйді құла­татындай да жел болған жоқ. Құрылысы аяқталған соң жел­тоқсан айында болатын Шон­жының құйынды желіне тап болсақ қайтер едік? Ғимаратпен қоса, ішіндегі адамдардың бар­лығы бақилық болар ма еді» деп отыр.

Ал Nege.kz порталына сұхбат берген Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов: «Ертең мамандар келеді, экспертиза жасайды. Түсте бір темірі түсіп кетіпті. Оның өзінде толық түспеген, бір жерінің шатыры ғана құлаған. Қазір анау-мынау деп айта алмаймыз. Жаңа өзім барып көріп келдім ғой. 40х25 болатын бір залының шатыры ғана опырылған» деген еді.

Оқыс оқиғаның тіркелуіне нысанды салып жатқан «Лидер НК» құрылыс компаниясының қателігі себеп пе, әлде құры­лыс материалдарының сапасыз­дығынан болды ма? Ол жағын арнайы комиссия анықтай жа­тар.

Ешкім құлдыққа түсемін деп ойламайды –
Алматы облысында опырылып түскен спорттық нысанға адами фактор әсер етуі мүмкін
Атырау облысында алты оттегі стансасы салынуда
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабар­лауын­ша, қазіргі кезде аймақ басшысы Амандық Баталовтың тапсырмасымен арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, олар спорттық-сауықтыру кешенінің бір бөлігінің құлау себептерін анықтау үшін ауданға аттанып, оқиға орнында жұмыс істеп жатқан көрінеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов төрағалық ететін ко­миссия құрамында облыстық құрылыс басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті, мем­лекеттік сәулет-құрылысты ба­қы­лау, өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық қадағалау, «Ли­дер-НК» ЖШС өкілдері бар. Ко­миссия мүшелері құры­лыс нысанының құлау се­беп­терін анықтау және осын­дай жағдайларды одан әрі бол­дырмау мақсатында жұ­мыс жүргізеді. Комиссия жұмысы­ның нәтижесі қосымша жария­ланады.

 


Болат АБАҒАН,
Алматы облысы