Димаш Құдайберген: Қазіргі міндет - ауырып жатқандарды аман алып қалу

13 шілде, 08:13
0 1

Әнші Димаш Құдайберген Жалпыұлттық аза тұту күніне орай Instagram-парақшасында пікір білдіріп, халықты ұлы мұрат жолында жұмылуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Өкінішке қарай, күллі әлемді шарпыған пандемия Қазақстанды да айналып өтпеді. Қаншама отбасы қара жамылды. Күн сайын мен танитын, танымайтын қаншама адам өмірден өтіп жатыр. Бұл неткен қасірет еді... Қазір жүрегі бар адамның тыныш ұйықтауы мүмкін емес...» - деп жазды әнші.

 

Димаш өз сөзінде қазіргі міндет - ауырып жатқандарды аман алып қалу екендігін айтады.

 

«Бүгін - Аза тұту күні! Осы індеттің кесірінен қайтыс болған барлық адамды жаратушы иеміз панасына алғай! Марқұмдардың туған-туыстарына сабыр тілеймін. Біз оларды, мына қаралы күндерді ешқашан ұмытпаймыз. Қазіргі міндет – ауырып жатқандарды аман алып қалу. Әрбір адам үшін күресуіміз керек. Бәріміз осы ұлы мұрат жолында жұмылуымыз қажет. Тезірек індет аяқталып, мамыражай күндеріміз қайта келеді деп сенемін. Ендігі жерде Көк Байрағымыз еңкеймегей!» - дейді әнші.

 

Еске сала кетсек, Қазақстанда коронавирус пандемиясының құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты бүгін - Жалпыұлттық аза тұту күні. Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12:00-де бүкіл ел бойынша бір минуттық үнсіздік жарияланады.