Айнұр Тұрсынбаева желіде жазба жариялады - басы дауға қалған компания жауабы

11 шілде, 02:01
0 1

Бүгін Тұрсынбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан жиналған ақшаға Түркияда 125 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынғанын жариялады. Алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтты

"СК-Фармация" компаниясы айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның үндеуіне жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"СК-Фармацияның" баспасөз қызметі компания гуманитарлық көмекті қабылдаудың бірыңғай операторы болып саналатынын жеткізді. Алайда қайырымдылық көмек тек компания арқылы жасалуы керек деген шарт жоқ. Қайырымдылық жасайтын адамдар оны өздігімен де жасай алады.

"СК-Фармацияны" гуманитарлық көмекті қабылдаудың бірыңғай операторы ретінде белгілеудің негізгі мақсаты – медициналық препараттар мен бұйымдарды тарату және дер кезінде жеткізу. Ондайда дәрі-дәрмектерді сақтау мен тасымалдаудың өзіндік талаптары болады. Ол үшін компанияда логистикалық желі бар. Бұдан бөлек, "СК-Фармацияның" құрылымдық бөлімшелері медициналық препараттарды кедендік рәсімдеу мен рұқсат құжаттарын алуға көмектеседі. Алайда бұның барлығы басқа адамдардың біреуге көмек көрсетуіне шектеу бола алмайды", - дейді мамандар.

Айта кетсек, бүгін Айнұр Тұрсынбаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында халықтан жиналған ақшаға Түркияда 125 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынғанын жариялады. Алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтты. 2 тонна жүкті тұтас жеткізетін мүмкіндік болмаған. Осыған орай, айтыскер президенттен, денсаулық министрі мен қорғаныс министрінен көмек сұрады. Ол тыныс алу аппараттарын Қазақстанға жеткізгеннен кейін тарату жұмысын өздеріне тапсыруды сұрады. Себебі СК "Фармация" компаниясына сенім жоқ екенін айтты.

"Біз алған аппаратты Қазақстанға барған соң СК "Фармация" деген мекеме қабылдап алады. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр. Осы аппараттарды таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен. Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жіберсе, тұтас апаруға болады", - дейді Тұрсынбаева.


Оның сөзіне қарағанда, Түркиядағы зауытпен екі аптада арзан бағаға 500 аппарат сатып алуға келісім жасалған. Оның ақшасын да жинауға мүмкіндік бар.

Тыныс алу аппаратарына ақша жинауға көмектесіп жүрген блогер Дәулет Төлеутайұлы да өз парақшасы арқылы бейнеүндеу жолдады. Оның айтуынша, 125 аппараттың ақшасы бір күнде жиналды. Ал вице-министр Людмила Бюрабекова ондай көмекті жеткізудің тәртібін түсіндірген.

"Маған вице-министр Людмила Витальевна хабарласты. Ол маған елдегі заңды түсіндірді, яғни, заң аясында сол "СК-Фармация" қабылдайды екен немесе әрбір елдімекеннің әкімшілігімен біз келісімшартқа отыруымыз керек екен. Бұның барлығы уақыт алады, бюрократия. Бүгінде "СК-Фармация" халықтың сенімінен айырылып отыр. Біз 125 аппаратты 125 елдімекенге таратқанда 125 әкіммен келісімшарт жасасақ, уақыт жоғалтамыз", - дейді Төлеутайұлы.