Қорғаныс министрлігі депутат Смағұлдың дүнгендер жайлы сөзін жоққа шығарды

14 ақпан, 09:02
0 1

Қазақстанда дүнген ұлтынан 40-қа жуық сарбаз әскери борышын өтеп жатыр. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

 

Бұған дейін мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Facebook-те "бірде-бір дүнген қазақ әскерінің қатарында қызмет етпейді" деп жазған болатын.

 

"Әлеуметтік желілерде тараған дүнгендердің әскери қызметтен бас тартатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстанда дүнген ұлтынан 40-қа жуық сарбаз мерзімді әскери қызметін атқарып жатыр. Жалпы 2019 жылы 30 мыңнан астам сарбаз шақырылды, оның ішінде қазақтар, орыстар, татарлар, немістер, украиндар, ұйғырлар, өзбектер және басқа ұлт өкілдері бар", - деп хабарлады қорғаныс министрлігі.

 

Әскерге шақырылушыларды іріктеу кезінде олардың ұлты емес, тән саулығы, психологиялық және моральдық орнықтылығы, жеке қасиеттері басты өлшем ретінде қарастырылады, деп атап өтті ведомство.

 

Қордайдағы қақтығыс

 

7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда ауданда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

 

Зардап шеккен 176 адам медициналық көмекке жүгінген, 41-і ауруханаға жатқызылды. Он адам көз жұмды. 13 ақпанда екі күн бұрын Масанчи ауылында үйінді астынан бір адамның денесі табылғаны белгілі болды, оның 7 ақпандағы тәртіпсіздік салдарынан немесе басқа жағдайда қаза болғанын сараптама нәтижесі бойынша анықталады.

 

Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 272-бабы (жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және қатысу) мен 99-бабы (адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қордайдағы оқиғадан кейін 25-тен астам қылмыстық іс қозғалды.

 

Мемлекет басшысының шешімімен бірқатар шенеунік пен полицей қызметінен кетті. Облыс әкімі ауысты. Қордайдағы жағдай президенттің тікелей бақылауында.

 

sputnik