Ел экономикасының базалық салаларында өсім бар

11 тамыз, 23:57
0 1

Карантин уақытында ел экономикасын құлдыратып алмау үшін түрлі шешімдер қабылданып, көптеген іс-шаралар атқарылды. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында қиын кезеңнің кедергілерін еңсеріп өттік десек те болады. Өйткені жеті айда атқарылған жұмыс қорытындысын саралай келе, бұндай шешім шығаруға толық негіз бар. Осы ретте экономиканың базалық салаларында өсім барын атап өткен жөн. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі А. Ұзақбайұлының төрағалығымен онлайн режимде өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында биылғы өткен айлардың әлеуметтік-экономикалық дамуының барысы мен республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланды.

Үкімет отырысында әр саланың және әр өңірдің басшылары атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Басқосу барысында өңдеу саласында 3,8 пайызға, оның ішінде машина жасау ісінде 13,9 пайызға, тамақ өнімдерінде 4,1 пайызға, фармацевтика саласы бойынша 23,2 пайызға, жеңіл өнеркәсіпте 7,3 пайызға, қағаз өндірісінде 15,7 пайызға, химия өнеркәсібі бойынша 3,6 пайызға және дайын металл бұйымдарын өндіру ісінде 18,6 пайызға дейінгі өсімнің бары белгілі болды.

Сонымен қатар, құрылыс көлемі де 6,3 пайызға, тұрғын үй салу 7,5 пайызға артқан. Нақты айтар болсақ, алдынғы жылмен салыстырғанда шамамен 7 млн шаршы метрге дейін ұлғайған. Ал, ауыл шаруашылығында тұрақты өсім 2,5 пайызды көрсетіп отыр. Керісінше ОПЕК+ арқылы жасалған келісімге байланысты мұнай өндірісінде 1,4 пайызға дейінгі төмендеу байқалыпты. Оның басты себебі әлемді жайлаған індеттің кесірінен көптеген елдерде карантин енгізіліп мұнай мен мұнай өнімдерін тұтынушылар азайып кеткен. Сондықтан мұнай қоймаларының жетіспеушілігінен өндіріс бәсендеген. Ал, тау-кен саласындағы басқа да маңызды өндірістерде өсімнің оң көрсеткіші сақталған. Атап айтар болсақ, металл кендерін шығару 2,3 пайызға, табиғи газ өндірсі 0,9 пайызға, көмір шығару 2,6 пайызға арта түскен.

Әрине, карантиннің кесірі кейбір салаларға кері әсер еткені белгілі. Ол әлем бойынша болып жатқан жағдай екендігін ескерсек аса алаңдауға негіз жоқ. Дегенмен төмен көрсеткіш байқалған салалардың жұмысы да жиын барысында нақты пайыздық көрсеткіштермен айтылып өтті. Нақты айтсақ, қызмет көрсету саласында 6,2 пайызға дейінгі төмен көрсеткіш анықталған. Келтірілген дерекке көз жүгіртсек, экономикалық көрсеткіштер сауда саласында -11,9 пайызға, көлік саласында -15,6 пайызға, әкімшілік қызмет көрсету саласында -5,3 пайызға төмендепті. Ал, жылжымайтын мүлікке қатысты операциялар -4,3 пайызға азайған.

Өңір әкімдерінің есебі бойынша белгілі болғаны Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында және бірқатар аймақтарда, яғни, Алматыда, Ақмолада, Жамбылда, Маңғыстауда, Қостанайда, Солтүстік Қазақстанда, Шығыс Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық серпіннің ең негізгі жеті көрсеткішінің бесеуінде даму бар. Сонымен қатар, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында негізгі көрсеткіштердің төртеуі бойынша оң динамиканы көре аламыз. Ал аталған бағыттар бойынша үш көрсеткіштің өсімі Батыс Қазақстанда, Атырауда және Қызылордада анықталған.

Жиын барысында баяндама жасаған ұлттық экономика министрі экономикалық қозғалысты дамыту үшін қабылданған іс-шараларды ескеріп, кейбір мәселелерге ден қою керектігін қозғап, өз ұсыныстарын айтты. Атап айтсақ, ол биылғы экономикалық өсімді арттыруға бағытталған жоспарларды өз уақытында пайдалы түрде жүзеге асыруды ұйымдастырып, өңірлік штабтарда кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге мүмкіндігінше қолдау білдіру жөнінде сөз қозғады. Сондай-ақ, Руслан Дәленов күзгі жиын-терімнің дер кезінде жиналуын және құрылыс жұмыстары уақытын тиімді пайдаланып қалуды, азық-түлік тауарларына қойылған бағалардың өзіндік шегін белгілеп, олардың бағасын өсіруге жол бермеу керектігін де атап өтті. Еңбек нарығындағы өңірлік жағдайға бақылау жүргізу және мемлекеттік бағдарламаларды орындай отырып халықты жұмыспен қамту жағына ден қою керектігін тілге тиек етті.

Бұл келелі жиында сөз алып, баяндама жасаған шенділер өз саласындағы маңызды мәселелер мен жеткен жетістіктерді, төмен көрсеткіш көрсеткен салаларды, оның себебін және шешу жолдарын айтып, осыған байланысты қандай шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

Отырыстың соңында Үкімет басшысы өңірлер белсенді түрде жұмыс істеп, экономикалық өсімді орнына келтіру үшін қабылданған барлық жобаларды, әсіресе мемлекеттік бағдарламалардың аясындағы жұмыстарды тиімді жүргізу қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, инвестиция тарту, экспортты жандандыру, отандық өндіріске қолдау білдіру арқылы жұртшылықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және барынша тұрақты жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету керектігіне ерекше тоқталып өтті.

Асқар Ұзақбайұлы дағдарысқа қарсы өңірлік штабтардың жұмысын өрістету, кәсіпкерлер тарапынан көтерілген мәселелерді тез арада қарап, соған байланысты шешім қабылдау керектігін тапсырды.

Жиында айтылған маңызды мәселелер шешімін тауып, берілген тапсырмалар тиянақты орындалса экономика өсімі артып, оң көрсеткіштерге қол жеткізе түсетіні анық.

 

Нұрлы Еділов