Басты мақсат – тұтынушы құқығын сақтау мен сапалы тауар өндіру

06 тамыз, 22:35
0 1

Тұтынушы құқығын сақтау ең маңызды мәселенің бірі. Кез келген адам алдымен тұтынатын тауарының сапалы болғанын қалайды. Сапасыз тауардың болашағы да бұлыңғыр. Ол нарық талабына сай келмей, біраз уақыттан кейін өздігінен айналымнан шығып қалып жатады. Бірақ көптеген жағдайда кейбір өнімнің сапасын анықтау қиынға соғады. Әсіресе азық-түлік өнімдерінде. Сондықтан арнайы стандарттар талабы арқылы қадағаланады. Мәселен елімізде халал стандарттың барлық сериясы күшіне енді. Жергілікті кәсіпорындар осы стандарттарға сәйкес өнім өндіру бағыттында жұмыс істей бастады. Ол кәсіпорындар техникалық регламенттерді қолдана отырып, стандарттарды енгізуге ерікті. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттырып, өнімнің сапасы жоғары бола түсуіне кепілдік береді. Белгіленген стандарттарға сәйкес өндірілген өнімдер тұтынушылардың отандық өнімге деген сенімін арттырады. Сапалы тауар адам өмірін жақсартудың бір кепілі іспетті. Бұл бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Әлемдік нарыққа еркін шығу үшін де ең алдымен туардың сапасына мән берілуі керек. Біздің еліміздегі кейбір азық-түліктің сапасы, табиғи тазалығы көптеген елдердің нарығында сұранысқа ие. Шамамен осыдан он жыл бұрын Қазақстанда «Халал» стандарты бойынша техникалық комитет құрылып жұмыс істей бастады. Бұл шын мәнінде Қазақстанда халал бағытын дамыту үшін жасалған алғашқы қадамның бірі болды. Осы уақыттар аралығында көптеген жобалар жасалып, маңызды жұмыстар істелді. Тіпті әлемдік нарықтың өзінде «Халал стандарты» деген жүйе барын білеміз. Өйткені әлемде халал өнімге деген сұраныс күн өткен сайын арта бастады. Халал өнім шариғат талабына сай өндіріліп, таза әрі сапалы болуы қадағаланады. Әңгімені арыдан қозғап халал өнім туралы айтып отырғандағы ойымыз да айналып келгенде сапа мәселесіне келіп тіреледі.

Сапаға көңіл бөлу нарықтың басты талабы деуге болады. Экспортқа шығаруға бағытталған тауарлардың барлығы стандартқа сәйкес болуы шарт. Тауар сапасын қадағалауда қазіргі таңдағы ең маңызды мәселенің бірі, өнімдерді сертификаттау екені белгілі. Сертификат – бөлшек сауда дүкендерінің сөрелеріндегі өнімдер мен тауарларға жолдама беретін құжат. Күнделікті тіршілікте кез келген адам сапасыз тауарларға, қызмет көрсету саласындағы келеңсіздіктерге тап болуы мүмкін. Егер тұтынушы тарапынан тауар сапасына шағым түсетін болса, ол кәсіпорын міндетті түрде тексерістен өтеді. Өкінішке қарай, ондай деректерде тіркеліп жатады. Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты техникалық реттеу және метрология комитетінің мәлімдеуінше биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындылары бойынша, 62 бақылау субъектісіне мемлекеттік бақылау жүргізіліп, оның 35-і теріс нәтижемен аяқталған. Сонымен қатар, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп 94 субъекті тексеріліп, 43 субъектіде келеңсіздік тіркелген. Бұл мәселе бойынша 37 миллион теңгеден астам сомада айыппұл төленген. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ЕАЭО елдерінің сертификаттау органдары шығарған сәйкестікті растау туралы 1009 құжаттың күші жойылды, сол арқылы 1 миллиард теңгеден астам мөлшердегі қауіпті өнімдердің сырттан әкелуіне тыйым салынды. Осы орайда, Техникалық реттеу және метрология комитеті «сұр» сертификаттау фактілерін жою бойынша мақсатты түрдегі жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өткен жөн. Осылайша, Ұлттық аккредиттеу орталығы аккредиттелген субъектілердің қызметіне мониторинг жүргізу аясында 2019 жылдың маусымынан 2020 жылдың маусымына дейін 97 органның (аккредиттелген) аккредиттеу туралы куәліктерін кері қайтарып алды. Өйткені сапасы төмен өнімдер айналымнан міндетті түрде шығарылуы керек. Міне, бұл норма «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына енгізілгенін атап өткен жөн, онда уәкілетті органның өкілеттіктері күшейтіліп, қауіпті өнімді айналымнан шығаруға мүмкіндік беретін құзырет кеңейтілді.

Сонымен қатар, аталмыш ведомствоның мәлімдемесінде цифрландыру, аккредиттеу және стандарттау саласында болып жатқан процестер туралы айтылған. Мемлекеттік бақылау функциясы үлкен рөл атқарады. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қауіпсіздігін сақтауға арналған. Тұтынушы құқын қорғап, сапасыз тауарларға тосқауыл қойып, қызмет сапасын жоғары деңгейге көтеру жолында келелі істер атқарылып жатыр деуге болады. Отандық өнім мен тұрғындарға қызмет көрсету сапсын жақсарта түсу мақсатында кәсіпкерлерге барлық жағдайды жасаудың жолдары үкіметтің қадағлауымен сәтті орындалып келеді. Карантин уақытында да кәсіпкерлерді қолдаудың түрлі жолдары қарастырылды. Егер кәсіпкерлер тәртіпті сақтай отырып, қойылған талапқа сай жұмыс істесе, олардың жұмысы карантиннен кейін қайта жандана бастайды. Бұл мәселе туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары кәсіпкерлермен өткен жиын барысында тағы да атап өтті. Ералы Тоғжановтың айтуына қарағанда, өз кәсібін адал жүргізетіндермен қатар, заңсыздықтарға жол беретін кәсіпкерлер де баршылық екен. Осы уақытқа дейін жеті мыңнан астам заңбұзушылық тіркеліпті. Халқымыздың денсаулығын сақтау үшін кәсіпкерлер де жұмыстарын қойылған талаптардың шегінен шықпай жүргізуге тиісті. Өйткені мемлекетіміздің басты байлығы – адам және оның денсаулығы.

 

Нұрлы Еділов