Жапон ғалымдары британ штаммының әдеттегіден 1,32 есе жұқпалы екендігін анықтады

08 сәуір, 10:16
383

Жапонияда коронавирустың британдық штаммының таралу коэффиценті бастапқы нұсқасына қарағанда 1,32 есе жоғары болып шықты. Жапония Инфекциялық аурулар бойынша ұлттық институтының мамандары осындай қорытынды жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат жапон қоғамдық телеарнасына сілтеме жасап.

Ғалымдар сол себепті қолданыстағы инфекцияның таралуының алдын алу әдістері жеткіліксіз болуы мүмкін екендігін айтып өтті.

Қазіргі кезде коронавирустың британдық штаммы Жапонияның батысында көп таралған. Атап айтқанда, 7 сәуір күні жұқтырудың жаңа оқиғаларының күрт өсуінен төтенше жағдайдың жергілікті режимін енгізген Осака префектурасы. Алайда жапондық ғалымдар жаңа штамның таралуы алдағы уақытта астаналық аймаққа да жетуі мүмкін деп ескертеді.

Пандемия басынан бұл елде барлығы 494 мың коронавирус жұқтыру оқиғасы анықталды, 9,3 мың қайтыс болғандар тіркелді. Жұқтырғандардың 455 мыңы жазылған, 456 науқастың жағдайы ауыр.