Сода коронавирустың алдын алуға және емдеуге көмектесе ме?

21 қараша, 02:06
0 1

Әлеуметтік желілерде және мессенджерде ас содасының көмегімен коронавирустың алдын алу және емдеу туралы хабарламалар таратылуда. Медицина ғылымдарының докторы, профессор-трансплантолог, КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы Геннадий Юдин натрий гидрокарбонатпен ингаляция жасауды ұсынады.

Stopfake.kz хабарлама авторы неге сүйеене отырып, осындай қорытындылар жасағанын және бұл әдістің ғылыми негізі бар ма екенін анықтады.


Ас содасының керемет қасиеттері туралы ондаған фейк пен миф тараған. Қос көмірқышқылды натрий алкоголизмді, темекі мен есірткіге тәуелділікті, бүйрек, несеп-жыныс жүйесі ауруларын және қатерлі ісікті емдейді. Көп жылдар бойы әлем бойынша дәрігерлер мен ғалымдар жалған хабарламаларды жоққа шығарып, осы әдістердің қауіпті екендігі жайлы ескертіп келеді. Дегенмен, 2020 жылы көктемде сода коронавирустың алдын алуға және оны емдеуге көмектеседі деген жаңа фейк тарады.
Алғашқы хабарламалар натрий бикарбонаты (сода) мен лимон шырынын ішу дене қышқылдығын және COVID-19 жұқтыру қаупін төмендететіні жайлы болды.

Бұл жалған мәлімдемеге ешқандай ғылыми негіз жоқ және ғаламторда кеңінен тараған «сілтілендіретін» диеталар қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі деген теориядан шыққан сияқты. Бұл теорияны америкалық қатерлі ісікті зерттеу институтының сарапшылары жоққа шығарды.
Кейіннен Геннадий Юдин «Жоғары температура әсерінен жұтқыншақта вирусты жою арқылы коронавирустық аурудың алдын алу және емдеу әдісін» ойлап таптым деп мәлімдеді.
Бұл әдіс бойынша бір литр суға бір ас қасық ас содасы қосылған ерітіндінің буымен дем алу қажет. Автор шайнектен шыққан бумен 15 минут бойы дем алуды ұсынады.

«Мен алдымен липидті қабығын содамен ерітіп, + 80 + 90 градус температураның әсерімен жасушалардың ішіне әлі енбеген вирустарды жоюды, инактивациялауды ұсынамын», &ndash дейді Геннадий Юдин.

Соданың коронавирус кезінде көмектесе алатыны туралы бірде-бір ғылыми материал және расталған зерттеу жоқ.

Сонымен қатар, мысалы, Гонконг университетінің вирустың қоршаған ортадағы әртүрлі заттардың беттерінде, адамның секрецияларында тұрақтылығы туралы ғылыми зерттеулері бар, олар мұндай мәлімдемелерді жоққа шығарады.

COVID &ndash 19 содамен емдеу фейк екендігі туралы медицина ғылымдарының кандидаты Евгений Комаровский де айтты.


«Бұл ақпарат &ndash фейк, мұндай ертегілерге сенбеулеріңізді сұраймын, әйтпесе жағдайыңызды асқындырып аласыз», &ndash дейді Евгений Комаровский.

La Silla Vacía тәуелсіз сарапшылары да содамен емдеу туралы мифтерді жоққа шығарды.

Чили университетінің фармацевтикалық ғылымдар және технологиялар департаментінің академигі Олосмира Корреаның айтуынша, бикарбонат «әдетте су ерітінділерінде антацид ретінде қолданылады (асқазан сөліндегі тұз қышқылын бейтараптандыруға арналған дәрі)» және «бұл жаңа коронавирусқа әсер етпейді».

Бумен ингаляция жасауға келетін болсақ, мамандар сода COVID-19 емдеу және алдын алу үшін пайдасыз, ал кейбір жағдайларда қауіпті болуы мүмкін деген пікірде.

Испания педиатриялық қауымдастығы жариялаған зерттеуде: «SIT (бумен жасалатын ингаляциялық терапия) қалай қолданылғанына қарамастан, одан күйік алу қаупі болады. Ыстық сумен толтырылған ыдыстың үстінен басты сүлгімен жауып дем алу әдісі бу, ыстық сұйықтық немесе сыйымдылықты аударып алу жағынан қауіпті».

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының өкілі Reuters-ке бу терапиясы коронавирус кезінде көмектесетіні туралы қандай да бомласын ғылыми зерттеулер туралы білмейтінін айтты. ДДСҰ ұсынған коронавирустың алдын алу және емдеу шараларының ішінде бу ингаляциясы жоқ.

Ресейлік арна журналистері «коронавирусты емдеудің жаңа әдісін» ойлап тапқан 80 жастағы Геннадий Юдинге хабарласа алды. Ол өз мәлімдемесіне қатысты пікір айтудан бас тартты.

&ndash Ия, жаздым, бірақ ештеңені түсіндірмеймін.

«Вирустың осы әдіспен өлетіні қандай фактілерге сүйеніп айтылғанын білмеймін. Ыстық шәйнектің үстінен дем алу арқылы ішкі тіндерді қатты зақымдап аласыз», &ndash деп түсіндірді Сеченов университетінің Регенеративті медицина институтының директоры Петр Тимашев.

Дәрігерлер тиімділігі дәлелденбеген емдеу және алдын алу әдістерін қолданбауға кеңес береді, өйткені олай ауруды асқындырып алуға және өз-өзіңізге зиян келтіруіңіз мүмкін.