Солтүстік Қазақстанда суық тиіп ауырғандар көбейді

20 қараша, 23:56
0 1

Солтүстік Қазақстан облысында медициналық көмекке жүгінетіндердің 70% жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен брифингте мамандар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Журналистер КВИ жұқтырғандар санының артуына не себеп екенін сұрады.

Облыстың бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Арман Күшбасовтың айтуынша, коронавирус жұқтырушылар санының артуын ПТР тестпен байланыстыру дұрыс емес.

СҚО-да 4 зертхана бар. Қазір бір тәулікте орта есеппен 1,5 мың ПТР тест жасалады. Ол бұған дейін де, жазда да істелді.

«Қараша айынан бастап 26 мың тест жасалды. Жалпы індет басталғалы 152 мыңнан астам адам тексерілді. Оның 3,5% тесті оң нәтиже көрсеткен. Бұл - барлық облыс тұрғындарының 27%. Қазір емдеу мекемелеріне қаралатындардың 70% - жіті респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар. Біз 1 қазаннан бастап ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық маусымға кірдік. Күн суытты. Салдарынан ауырғандар саны артты», - дейді Арман Күшбасов.

Маманның айтуынша, КВИ жұқтыру жағдайлары сырттан &ndash Ресей мен шетелден келетіндер арасында көп. 6 қазан мен 18 қараша аралығында автомобиль жолдарындағы шекара бекеттері арқылы 24 мыңға жуық адам өткен.

Оның тек 7 мыңға жуығында ғана ПТР тест нәтижесі болған. Ал карантин стационарына алынып, тексерілген 1718 адамның 166-сынан COVID-19 анықталды.