Нұр-Сұлтандағы коронавирусқа шалдыққан төрт науқастың жағдайы ауыр екені айтылды

26 марш, 19:52
0 1

Елордада коронавирус жұқтырған төрт науқастың жағдайы нашар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті.

«20 науқастың 14-і — стационарлық емдеуде жатқан науқастар. Олардың бір бөлігі өкпе қабынуы күдігімен ЖРВИ белгілерімен және дене қызуымен ауруханаға түскен. Екінші бір бөлігі – 24-25 наурызда коронавирустық инфекция анықталған адамдармен жақын байланыста болғаны үшін тексеруге алынғандар. Сонымен бірге, науқастар арасында өзге елдерден ұшып келіп, оқшауланған адамдар да бар», - деді Сәуле Қисықова.

Сөзінше, жағдайы ауыр науқастар өкпе қабынуына шалдығып, дұрыс тыныс ала алмай жатқан көрінеді.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 61 адамнан коронавирустық инфекция табылып, стационарда жатыр. Төрт науқастың жағдайы – тұрақты ауыр. Олардың өкпе қабынуы расталды және тыныс жетіспеушілігі бар. Коронавирустық инфекция бойынша хаттамаға сәйкес ем-дом алып жатыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағым жоқ, дене қызуы қалыпты», - деді басқарма басшысы.

Stan.kz