Тіл мәдениетін қалыптастыру елдің ертеңі үшін керек

11 июля, 13:25
0 1

Тілдің тазалығы рухтың тазалығындай әсер етеді. Таза сөйлеу, ойыңды айқын жеткізу, шебер сөйлеу адамның тұлғалық қасиетін қалыптастырады. Тұлға болып қалыптасудың бір шарты осы. Қазақ халқы қашанда шебер сөйлеген адамды «шешен» деп қадірлеген. Өйткені ел басқарған билердің, әділ төрелік айтқан қазылардың барлығы да шешен сөйлеген. Ойын кестелі тілмен бейнелеп жеткізген даланың даналарынан қалған қазына ауыз әдебиетінің асыл мұрасына айналды. Даналық сөздер ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Қазақтың ұлы ойшылы, хакім Абайдың өзі тілімізді «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған; Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағыны жетіп қайырған, Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең, өзің біл...» деп толғанып, құдіретке балаған. Осындай бай тіліміздің қазіргі жай күйі қандай? Әдеби шығармалар мен мерзімді басылымдарда ғана тіліміздің тазалығы сақталып келеді. Ал күнделікті өмірімізде бай тіліміздің бағы жанып жүр ме? Әрине «жоқ», – деп кесіп айтуға болады. Өйткені көшеде кетіп бара жатып әңгімелесіп, сөйлесіп бара жатқан адамдардың сөзіне құлақ түрсеңіз осындай байламға еріксіз келесіз. Қазіргі адамдар таза сөйлеу былай тұрсын, «қай тілде сөйлеп барады?» деп таңғалатындай жағдайда сөйлейді. Тілдері ала-шұбар. Тіпті қазақтың қарабайыр сөздерімен сөйлесе де таза сөйлетін адамды көрсеңіз қуанып қалатын жағдайда боласыз. Өйткені бүгінгі таңда көпшіліктің тілі басқа тілден еңген кірме сөздермен әбден былғанған. Екі сөз айтса бірі орысша. Әңгімесін «короче говоря...» деп бастап көшеде көсіліп бара жатады. Тіпті орыс тілінде боқтығын сапырып, арасында ғана жылт еткізіп бірлі жарым сөзді өз тілімізде қолданып қоятындары да жетерлік. Оған мән беріп жатқан адам жоқ. Ол – қалыпты жағдайға айналған сияқты. Тіпті қаймағы бұзылмаған таза қазақы ауылдарда да сол дерт қанатын жайып бара жатқандай. Бірде осы жағдайға ашынған қарияның «бара-бара қазақша боқтық сөздерге де зар болатын шығармыз...» деп күрсінгенін құлағымыз шалды. Тілдің тазалығы мен тұнықтығы туралы түрлі басылымы беттерінде пікірін білдіріп толғанған тұлғалар да баршылық. Бірақ құлаққа ілер жан қайда?..
Қазір техниканың дамыған заманы. Жұртшылық бір-бірімен «ватсап» сияқты желілер арқылы сөйлесіп жатады. Ондағы тілдің жағдайын көрсеңіз жылағыңыз келеді. Қойыртпақтап сөйлеп, көпіріп отырғандар қайда қарасаңда. Осылай кете берсе тілдің жағдайы не болады? Сонда кім жауап береді? Жоқ әлде, таза сөйлеу мәдениетін заңмен міндеттеу керек пе? Оны қалай іске асырады?.. Әрине «ауызекі тіл ғой, барлық заманда сөйлеу тілі солай болған, көшеде кім бипаздап сөйлеп, мәнерлеп айтып отырады» деп дау айтатындар да болар. Ал олай болса, сөз адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы, түп тамырымыздан бері жасалынып, дамып келе жатқан ақыл-ой жәдігерлері, әсемдік қазынасы екенін қайда қоямыз. Халқымыз сөздің қадіріне, адамның сөйлеуіне, мәдениетіне мән берген еді ғой. Адамды алдымен сөйлеген сөзі арқылы бағалайтын. Осы сана бүгінгі күні өзгеріп кеткендей әсер қалдырады. Құлашын кеңге сермеп, бұлақ суындай мөлдірлікпен таза сөйлейтін ұлттық болмысымызды жоғалтып алғандаймыз. Сондықтан болашағына алаңдаған әрбір жан дұрыс сөйлеп дағдыланса жөн болар еді. Сонда тіліміз ұрпақтан-ұрпаққа бұзылмай жетеді. Әйтпесе осы қалпымызбен кете берсек ғасырлар қойнауынан саф алтындай сараланып жеткен тіліміздің халі мүшкіл болары сөзсіз. Бұның бәрін сөз қылып жіпке тізгендей айтып отырғанымыз осындай кепке түсіп қаламыз ба деп алаңдау.
Жалпы дұрыс сөйлеу дегеніміз не? Оның нормасы қандай? Сөйлеу және сөзді қолдану жөнінде тіл мамандары ана тіліміздегі барлық сөздерді – тілдің дыбыс жүйесін, ырғағы мен әуезділігін, мағыналық қырлары мен бояуын, сөйлемнің құрылым тәртібін, тілдің өзіндік заңдылығы мен тәсілдерін, тағы да басқа сипаттарын тілдің қалыптасқан үлгісіне сай қолдана білу екенін нақтылап жазып, оқулыққа енгізіп қойды ғой. Осының бәрі мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап бала санасына құйылады емес пе?.. Сол қалыптасқан үрдіс неге бұзылады? Мәселенің мән-жайы туралы ойлағанда осындай сансыз сұрақтарға жолығамыз. Ал тілді дамыту жөнінде мемлекетімізде арнайы бағдарлама қабылданып қыруар істер атқарылып жатыр. Осы істердің арқасында ғана көп мәселе оңтайлы жағына қарай шешіліп келеді. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болмаған жағдайда көптеген қиындықтарға тап болып, тіліміз дамуын, тоқтатып тоқырауға ұшырар ма еді...
Аталған бағдарламада тіл мәдениетін жетілдіру жөнінде арнайы бөлімге жүйеленіп тұрып тайға таңба басқандай айтылған. Онда қазақстандықтардың тіл мәдениеті деңгейін көтерудің қажетті құрамдас бөлігі тіл мәдениетін дамыту болуы тиіс деп нақтылап көрсетілген. Осы бағыттағы жұмыстар бағдарлама қабылданған күннен бастап үздіксіз жүргізіліп келеді. Қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін көтерудің қажетті құрамдас бөлігі сөйлеу мәдениетін дамыту екеніне де көп көңіл бөлінген. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру жолында әр өңірде бағдарлама аясында іс-шаралар ұйымдастырлып, оқыту курстары, семинар-тренингтер өткізілуде. Бұның бәрі мемлекеттік тілді дамыту үшін жасалынып жатқан жағдай. Ал осы жұмыстардан, жасалынған жағдайдан қорытынды шығармаса кім кінәлі?
Сондықтан отбасымыздан бастап, қоғамдық орындарда, кез келген жерде таза сөйлеуге мән берілсе тіл дамуы арнасына түсіп жалғасын таба түсер еді. Қоғамның әрбір мүшесі осыған жауапты. Ол ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Тілдің тазалығана көзқарасымыз елдің ертеңіне деген көзқарасымыз. Сонда тілдің қасиетіне уызынан жарыған ұрпақ қалыптасып, өсіп жетіледі. Сондай тұлғаның ғана бойында ел мұратына адалдық, отаншылдық, ұлтына, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілік қалыптасады. Көпшілігіміз «тілде тұрған не бар?» деп шолақ ойлаумыз мүмкін. Тілдің киесі болады, ол қасиетті киені сол ұлт, яғни тілдің иесі ғана сақтай алады. Алдымен әрбір азамат осы мәселені жете түсініп алса жөн болар. Одан кейін барып басқа мәселеге назар аударса оның шешімі бірден табылары анық. Туған елін сүйіп, ана тілін ардақтайтын елдің ертеңі сонда ғана жарқын болады.

Нұрлы Еділов