Шығыс Қазақстанда жастар Пушкиннің өлеңдерін оқыды

12 июня, 09:58
0 1

Елімізде этностардың тілдерін оқыту бойынша көптілділіктің инновациялық әдістемесі әзірленгені белгілі. Өйткені барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, мемлекеттік тілді дамытудың сан түрлі тетіктері жан-жақты ойластырылған. Ол біз үшін тілдерді дамытудың маңызды факторы деуге болады. Осының барлығын түбегейлі қамтамасыз ететін тіл саясаты елімізде жүргізіліп келеді. Бұның айқын дәлелі Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаcы. 

Қазақстанды мекендеген әрбір ұлт өз тілі мен мәдениетін сақтауға мол мүмкіндік алған. Өз тілінде сөйлеп, мәдениетін, дәстүрін ұмытпай, сонымен қатар мемлекеттік тілді білуге деген құштарлығы жыл сайын артып келеді.
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаcында лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау туралы арнайы тарау бар. Оның басты мақсаты Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту екені баса көрсетілген. Аталмыш бағдарламада еліміздің тілдік кеңістігіне орыс тілінің қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру жағы да қамтылған. Елдегі өзге ұлт өкілдерінің тілдік әралуандығын сақтау, оны оқытуға жағдай жасау нақты іске асырылып келеді. Ағылшын тілін, орыс тілін оқып үйрену арқылы халықаралық қатынасты нығайту, дамыту маңызды.
Міне сондықтан осы бағытта нақты іс-шаралар қолға алынып, жер-жерде ірілі-ұсақты жұмыстар атқарылып келеді. Соның бір дәлелі деп жетінші маусымда Өскемен қаласында орыс жастары арасында өткен «Пушкин оқулары» облыстық байқауын айтуға болады. Бұл шара Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған байқаудың басты мақсаты коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі орыс тілінің мәдени қызметін сақтай отырып, осы тілдің көркемдік ерекшелігін орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің шығармашылығын насихаттау арқылы көрсету болды. Сайыс жастардың орыс тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылығын, құрметін одан ары арттыра түсті деуге толық негіз бар.
Байқауға облыстың аудан, қалаларында өткен іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қатысты. Қатысушылар 16 жас пен 25 жастың арасындағылар.
Байқаудың басты шарттарына сәйкес шараға қатысушылар Александр Пушкиннің өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар қазақстандық белгілі ақындардың орыс тіліндегі Қазақстан туралы өлеңдерін де жатқа оқыудан сайысқа түсті. «Пушкин және Абай» тақырыбында презентация дайындап әртүрлі тапсырмаларды да орындап шықты.
Қатысушылардың көрсеткен өнерін бағалау үшін қазылар алқасы олардың көркем мәтінді оқу шеберлігі мен дауыс ырғағына, өздері оқитын көркем шығарманы таңдаудағы талғамына және сахнада өзін-өзі ұстауына мұқият қарады. Үй тапсырмасын яғни презентация жасаудағы шығармашылық шеберлігіне де мән берді. Осылардың бәрін саралай келе олардың өнері мен біліміне баға берді.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Риддер қаласынан келген Ярослава Бабаева қанжығасына байлады. Ал, бірінші орынды өскемендік Артем Антипов, екінші орынды Семейден келген Светлана Анфилофьева алса, үшінші орын шемонаихалық Ольға Гудковаға бұйырды. Байқауда топжарған жеңімпаздарға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді. Басқа да қатысушыларға алғысхаттар мен ынталандыру сыйлықтары берілді. Байқау жоғары деңгейде өтті. Барлық сайыскерлердің өнерлері көрермен жұртшылықтың көңілінен шықты.
Міне, бұндай игі шараларды тіл туралы мемлекеттік бағдарламаның орыс тілін оқытудың одан әрі оқу-әдістемелік және зияткерлік жүйесін қамтамасыз ету, сондай-ақ оқытушы кадрларды кәсіптік оқыту жұмыстарын жалғастыру жөніндегі жұмыстарының жемісі деп бағалауға болады.

Нұрлы Еділов