Нағыз мұқтаж жандар, өлім мен өмір арасында арпалысып жатыр, ал біз тиін жасап ерігеміз...

12 июля, 11:27
0 1

"23 миллион теңгеге тиіннің орнына сіз не істер едіңіз?" деген сауал тастапты біреу. Әртүрлі жауаптар бар:
1. "Жетім бұрыштан" пәтер іздеп қаңғып жүрген студенттер мен жас отбасыларға жатақхана салар едім,
2. Мешіт тұрғызар едім,
3. Көп балалы мұқтаж отбасыларға бөліп берер едім, - деген.
Ал ең көбі
4.шетелде емделуге қаржы таппай қиналып жүрген жандарға, әсіресе балаларға бергенде ғой деген жауап болыпты.
Расында, ең өзекті мәселе - осы соңғысы. Күн сайын демей-ақ қояйын, апта сайын "Қарекеттенсіз бе?" деп хабарласатындардың көбі - ауру баласы бар аналар.
Бүгін таңертең де сондай бір келіншек оятты ұйқымнан. Жалынышты үнмен:
- Балам күн санап көз алдымда сөніп барады. Тырыспасы ұстап қиналғанда, өзімді қоярға жер таппай кетемін - дейді.
- Сал боп туып па еді? - деп сұрадым.
- Жоқ. Сап-сау болды. 8 айында жүрді. Бәрі ерте болды онда. Ширақ. Бір жасында дәрігерге апарғанда бір-ақ білдік, жүрегінде ақау бар екен. Ота жасатып, бір темір қойдық. Содан міне, күнде талады, күнде тырыспа.
- Дәрігерлер не дейді?
- Мұндай балалар ұзақ өмір сүрмейді, - деді дағы, ауруханадан шығарып жіберді. Ал мен қарап отырып қалайша баламды өлімге қия аламын?! Көмектесіңіздерші, соңғы үмітіміз сіздерде...
Жүрегім әлі ауырып отыр... Нағыз мұқтаж жандар, өлім мен өмір арасында арпалысып жатыр, ал біз 23 миллион теңгені сабанға орап, тиін жасап, ерігеміз...
Біреуге мал, біреуге жан қайғы...

Mариям Абсаттар
Фейсбуктегі парақшасынан