«Ролан Гаррос» турнирінің жеңімпазы анықталды

10 июня, 12:18
0 1

Испаниялық теннисші Рафаэль Надаль 12-інші рет «Ролан Гаррос» турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды   ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Р.Надаль Париждегі финалда дүниежүзілік рейтингте 4-орында тұрған аустриялық Доминик Тиммен бас жүлдені сарапқа салды.

Испаниялық спортшы қарсыласын 6:3, 5:7, 6:1, 6:1 есебімен ұтты. Бәсеке 3 сағат 1 минутқа созылды.

Өткен жылғы финалда да қос теннисші кездесіп, Надаль 6:4, 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жеткен еді.

Осылайша Р.Надаль алғашқы болып теннис тарихында 12-інші рет «Ролан Гаррос» жарысында үздік шығып отыр. Бұл жөнінен оған теңесетін ешкім жоқ. Надаль топырақ төсенішінде өтетін «Ролан Гарростың» абсолютті рекордшысы болып есептеледі.

Сонымен қатар Р.Надаль «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі 18-інші табысына қол жеткізді.

Бұл жөнінен ол швейцариялық Роджер Федерерге жақындай түсті. Оның еншісінде 20 титул бар.

Әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович үшінші орында тұр, ол «Үлкен дулыға» турнирлерін 15 мәрте ұтып алды.

Биылғы «Ролан Гаррос» турнирі қазақстандықтар үшін онша сәтті бола қойған жоқ. Михаил Кукушкин бастапқы кездесуінде-ақ ұтылып қалса, Александр Бублик екінші айналымда дәл осы Д.Тимге есе жіберді.

Әйелдер арасында Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина бірінші, Зарина Дияс екінші айналымнан аса алмады.

Әйелдер арасында «Ролан Гаррос» турнирін аустралиялық, әлемнің 8-ракеткасы Эшли Барти ұтты. Ол финалда 19 жасар чехиялық Маркета Вондроушованы тізе бүктірді. Бұл - Э.Бартидің «Үлкен дулыға» турниріндегі бірінші табысы. Енді ол дүйсенбіде жаңартылатын рейтингте екінші орынға көтеріледі.

Қазіргі кезде теннисшілер тағы бір «Үлкен дулыға» турнирі - Уимблдон жарысына әзірлікті бастап кетті.

Мысалы, Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Михаил Кукушкин Хертогенбос (Нидерланды) турнирінің алғашқы айналымында рейтингте 74-сатыда тұрған италиялық Лоренцо Сонегомен кортқа шығады. Тағы бір қазақстандық Александр Бублик Штутгарт (Германия) турнирінің іріктеу сайысына қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Хертогенбоста негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.