Алматы полициясы Баяндарованың Тоқаевқа жолдаған үндеуіне қатысты түсінік берді

07 ноября, 17:12
0 1

Алматы полиция департаменті блогер Әсел Баяндарованың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуіне қатысты пікір білдірді. Блогердің айтқан полковнигі ішкі істер органдарынан 14 жыл бұрын жұмыстан шығып кеткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу барысында өткен жылдың 11 сәуірінде жол-көлік оқиғасын жасаған 65 жастағы азамат Айшуақовтың кінәсі толығымен дәлелденген.

Полиция оқиғаның Наурызбай батыр мен Қазыбек би қиылысында болғанын еске салды. Сол кезде сот-медициналық сараптама жол апатынан зардап шегуші Асамбекованың денсаулығына орташа зиян келгенін растаған.

Ведомствоның баспасөз қызметі бұл істің 2018 жылдың маусымында жабылғанын атап өтті.

Одан бөлек, құқық қорғаушылар азамат Айшуақовтың 2005 жылы, зейнет жасына жеткендіктен ішкі істер органдарынан жұмыстан кеткенін хабарлады.

Полицияның айтуынша, оның ІІО ешқандай қатысы жоқ.

Ескел сала кетсек, бұған дейін Әсел Баяндарова Instagram-парақшасында видео жариялап, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол өз сөзінде полиция полковнигінің өзінен 35 миллион теңге ақша сұрағанын мәлімдеген еді.