БҚО тұрғыны "прокурорлардың төбелесін" видеоға түсіріп алған

09 августа, 17:07
0 1

Әлеуметтік желілерде Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласының тұрғыны түсірген бейнеролик тарап жатыр. Ол аудандық прокуратура қызметкерлерінің бірі қоғамдық орында дәрет сындырып жатқанын видеоға түсіріп алғанын айтады. Ескертуден соң прокурорлар өздерін дөрекі ұстаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Видеода (www.youtube.com/watch) былапыт сөздер айтқан үш адамның қақтығысқан сәті көрсетілген. Төбелес кешке болған.

"8-не қараған түні Оралдан келе жатқанмын. Ақсайдың 10-мөлтек ауданынан Бердіғалиев Ерлан және Қайырмұханов Қайрат деген екі прокурорды көрдім. Бірге тұр екен. Ерлан Бердіғалиев қоғамдық орында дәрет сындырып жатыр. Телефонымды алып, оларға ескерту жасадым. Кейін олар маған былапыт сөздер айта бастады. Шара қолдануларыңызды сұраймын", - деді ер адам.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер бұл дерек бойынша арыз түскенін айтты.

"Облыс прокуратурасы осы оқиғадан соң қызметтік тергеуді бастады. Соның нәтижесі бойынша тиісті шара қолданылады", - деді прокуратураның бас маманы Алмагүл Ибрашева.

Айта кетейік, Ерлан Бердіғалиев пен Қайрат Қайырмұханов БҚО Бөрлі аудандық прокуратурасында аға прокурор болып қызмет атқарады.