Елордада жалақы алмаған жұмысшылар аштық жариялады

09 августа, 10:04
0 1

Астанада көпір салып жатқан жұмысшылар 9 айдан бері жалақы алмаған. Төзімі таусылған құрылысшылар ереуілге шықты.

Шиеленіскен жағдайға Бас мемлекеттік еңбек инспекторы араласуға мәжбүр болды. Сол-ақ екен тоғыз ай тыпыр етпеген жұмысберуші, бүгін ақша аударуға дайын болып шықты. 

Үйге кіруге де ұяламыз бала-шағамыздан. Айлық апармағасын. Ол бірден қолыңа қарайды, шынына келгенде. Айлап еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар осылай деп зар илеп отыр. Таң алакеуімде олар жан-жақтан жиналып, құрылыс нысанына келді. Бірақ жұмыс істеу үшін емес, аштық жариялау үшін.

Шайра РУЗМЕТОВА, АСПАЗ:

- Біз голодовка істейміз. Түнімен осы жерде жату керек пе, жатамыз. Пока біздің ақшамызды бермегенше.

Жұмысшылардың дүрлігіп шыққаны сол-ақ екен жандарына учаскі полицейі жетіп келді. Ереуілшілерді сабырға шақырып, бір жерге үйіліп тұрмауларын сұраған. Ашулы жұрт оны тыңдай ма? Өз талаптарын алға тартып, орындарынан бір адым да жылжыған жоқ.

Сөйтіп тұрғанда Мемлекеттік еңбек инспекторы араға түсті.

- Как мы решим эту проблему?

Александр ПОПОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

- Бухгалтерияға осы жиналған жұмысшылардың тізімі жіберілді. Бүгін-ертең жалақы шоттарына аударылады.

Тізім бойынша 26 адам ғана. Ал айлығын ала алмай, аулына қайтып кеткен қанша жұмысшы бар. Компания басшылығы алдағы күндері олардың да еңбекақысын береміз деп отыр. Екі айдан бері толассыз түсіп жатқан арыз-шағымдарға сүйенген еңбек инспекциясы көпір салатын компанияны тексермек.

Төлеген ОСПАНҚҰЛОВ, ҚР ЕЖХӘҚМ ЕҢБЕК, ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКТОРЫ:

- Бүгін мына мәселені шешкеннен кейін, ертең осы жерде істеген басқа адамдар арызбен қайтадан келеді ғой. Солар арызбен келмесі үшін сол мекемемен тексеру барысында жұмыстар жүргізіледі.

Біздің түсірілім тобы келгенде қаңтарылып тұрған техникалар біраз уақыттан кейін «тіріле» бастады. Ал аштық жариялаған жұмысшылар сол орындарында жалақыларын күтіп қала берді...

Көпір 2018-дің желтоқсанында салынып бітуі керек еді. Кейін құрылысы осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Ал егер жұмысшыларға жалақысы төленбесе тағы да орта жолда тұралап қалайын деп тұр.

astanatv.kz