"Қауіпті жағдай туындауы мүмкін": қорғаныс министрі арыстықтарға ескерту жасады

10 июля, 17:23
0 1

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қалып қойған снарядтар туралы бірден хабар беруді өтінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, әскери арсеналда болған гранаталар мен оқ-дәрілер қойманың ішінде жарылды. Ал реактивті снарядтар 8 шақырымға дейін ұшқан. Бірақ аталған снарядтардың жарылғыштары болған жоқ.

"Құлаған жерінде бірде-бір снаряд жарылмады. Өрт снарядтың қызып тұрған темір корпусынан шыққан. Ал қаладағы нысандар жарылыс толқынынан және құлаған снарядтардың салдарынан қираған. Дегенмен, азаматтар қалып қойған кейбір оқ-дәрілерді тауып, оны дұрыс ұстамаса, қауіпті жағдай туындауы мүмкін", - деді Ермекбаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, мәселен, снарядты кесіп, бағалы металын аламын десе, я болмаса, металл қабылдайтын жерге тапсырамын десе, оларға қауіп төнуі мүмкін. Дегенмен саперлер бірден жұмысқа кіріскен. Бұдан бөлек, дезинфекция шаралары жасалды.

"Қазіргі кезде саперлер екінші рет тексеріс жасауға кірісті. Бүгінде 41 арнайы инженерлік-саперлік топ бар. 800-ден астам әскери қызметкер снарядтарды іздестіру шараларына қатысуда. Сосын мобильді саперлік бекеттер ашылды. Сол жерге күдікті заттар туралы хабар беруге болады", - деп атап көрсетті Ермекбаев.

Арыстағы жарылыс

24 маусым күні сағат 10 кезінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.

Тағы оқыңыз: Арыстағы жарылысқа не себеп болды - прокуратура жауабы

Ресми деректерге сүйенсек, оқиға салдарынан үш адам қаза тапқан – екі әскери қызметкер мен бір жергілікті тұрғын.

Жарылыс болғаннан кейін төртінші күні тұрғындар Арыс қаласына қайтты.